Бітімгерлік – бірлікке бастайды

Оңталап ЖОЛДАСОВ
Ашық есік күніне орай татуласу орталығында кәсіби және қоғамдық медиаторлар ақысыз негізде кеңестер беріп, медиациялық келісімдер жасады. Жергілікті уақытпен 10:00-де басталған ашық есікке келген шағымданушылар медиаторлардың қабылдауында болып, кеңестерін тыңдап, өзара бітімге келіп те жатты.
Өз сөзінде кәсіби медиатор А.Үмбетәлиев:
– Медиациялық орталықтар алғаш ашылғандағыдай емес, қазір қарқынды жұмыс істеп келеді. Медиаторларға деген халықтың сенімі артты. Дау-дамайды сотқа жеткізбей шешуді мақсат ететін бітімгерлердің кеңесі арқылы екі тараптың бәтуаға келуі тез әрі пайдалы болып табылады. Біріншіден, уақытын үнемдесе, екіншіден, қаржылай да қиындықтар туғызбайды. Сонымен қатар іс қаралу барысында да, одан кейін де жұмыс барысы жасырын жүргізіледі. Жарияланбайды. Әдетте бізге келушілер отбасы-неке дауы, әкімшілік, азаматтық және қылмыстық істер, меншік, жер, жылжымайтын мүлікке қатысты дау, банктер, микроқаржылық және коллекторлық ұйымдармен дау, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек дауы, қызмет көрсету саласында сапаға қатысты дау және өзге де даулы мәселелермен жүгінеді. Барынша екі тарапқа да тиімді жағын қарастырып, бітімге келу жолын нұсқаймыз. Алдымызға арызданып келген жандардың қол алысып, екеуара жанжалдың ушықпауына жәрдем етеміз. Ауданда қазір 3 кәсіби медиатордан бөлек, 30 қоғамдық бітімгер және билер кеңесі қоғамдағы дау-жанжалды шешудің жаңа деңгейін көрсетіп отыр. Жалпы, ертеден келе жатқан билердің жолын жаңғыртқан медиацияның бүгінгі тынысы ерекше, – дейді.
Сондай-ақ медиация күні қарсаңында жақында ғана қызметіне тағайындалған аудандық сот төрағасы Кәмшат Сәдуақасова, аудандық сот Нұржан Бекетаев пен Серік Мұратбайұлы татуласу орталығына арнайы келіп, құттықтауын жеткізді. Аудандық сот төрағасы К.Сәдуақасова өз сөзінде:
– Ел арасындағы түрлі келіспеушілік пен дау-жанжалды шешуде белсенді рөл атқарып жүрген және бітімге келудің ең жеңіл бағытын қос тараптың да пайдасына шешуді мақсат еткен медиаторларды бүгінгі медиация күнімен құттықтаймын. Еңбектеріңіз еленіп, татулықты сақтаудың жарқын жолында жемісті жұмыс істеуге тілектеспін, – деп ыстық ықыласын жеткізді. Сондай-ақ билер кеңесі де мерекелік күнде өздерінің тілектестігін жеткізді.