Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » 2021 – техника алға озатын жыл

2021 – техника алға озатын жыл

Жыл соңына қарай астрологтар мен экстрасенстердің алдағы жылға болжам жасайтыны бар. Осы дағдымен біз де нумеролог Нұргүл Лепеске жолығып, аз-кем сөйлестік.
– 2020 жыл қауіп-қатерімен есте қалды. Осылай боларын білдіңіз бе?
– Өтіп бара жатқан жылдың басты саны – 4. Оның негізгі екі сипаты бар – денсаулық пен шыдамдылық. 4 санының энергиясы шектеулі. Коронавирус пандемиясы әлемді қалай әбігерге салғанын, адамдарға денсаулықтың қадірін ұғындырғанын, бәрімізді төзімділік жөнінен сынағанын, үйден шығуға да мүмкіндік бермегенін көрдік. Қызығы сол, жапон, корей, қытай ұлттарының өкілдері бұл цифрдан ат тонын ала қашады. Тіпті, өлімге теңеп жатады. Өйткені Шығыс Азия елдерінің тілінде 4 саны о дүниеге аттануды бейнелейді. Жапонияның перзентханалары мен ауруханаларында төртінші нөмір болмайды.
– Сиыр жылынан не күтуге болады?
– 2021 жылдың әр санын бір-біріне қоссақ, 5 шығады. Бұл – логика, интуиция, космоэнергиямен байланыс жылы. Техникалық ғылым алға озатын жаһандану кезеңі келе жатыр десе де болады. Адамдар табыс табудың, сауда жасаудың дәстүрлі жолынан онлайн түріне көптеп көшеді. Көші-қон артады. Жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін өте қолайлы уақыт. Коронавирус ауруы медицинаға түбегейлі өзгеріс әкеліп, вакцина ойлап табуға итермеледі. Бұл да білім мен ғылымға құштарлық, заман талабына сай технологияны игеру арқылы келетіні рас.
– Нумерологияда қай сан қандай сипатқа ие?
– 1 – ерік-жігер, 2 – энергетика, 3 – білім-ғылым, шығармашылық, 4 – шыдамдылық, 5 – логика, техника, математика, 6 – еңбек, 7 – шығармашылық, 8 – шексіздік, жауапкершілік, 9 – инттеллект.
– Оны қалай есептейді?
– Әрбір бұйымда болатыны сияқты сіздің де штрих кодыңыз бар. Оны адамның туған күні, айы мен жылын есептеу арқылы шығарамыз. Біреулерге емшілік, біреулерге саудагерлік, тағы бір кісілерге интеллектуалды қасиет тән. Бірақ көбі қарым-қабілетін білмей, өмірден өз орнын таппауы мүмкін.
– Жұртқа түсінікті болсын. 22.01.1986. Осы туған күн иелері туралы не айтасыз?
– Ерік-жігері мықты, айтқанын істетпей қоймайды, көшбасшылық қасиеті жоғары. Энергетикалық донорлар десе де болады. Міндетті түрде пайдалы нәрсемен айналысуы керек. Әйтпесе, уақытын теледидар мен гаджеттің алдында зая кетіруі мүмкін. Энергиясын, логикасын отбасына жұмсаса, шаңырағы шайқалмайды. Қандай да бір нәрсеге қызығушылығының пайда болуы да, оның қайтуы да тез. Оларды үлкен күшті талап ететін спорт түрлеріне тарту бос әурешілік. Өтірік айтуға жаны қас. Арманы мен жоспарын үйлестіре біледі. Еңбекті бағалай алады, ақшаны ұқыпты жұмсайды. Кейбір тығырықтан оңай шығатын жолы болғыш адам ретінде сипатталады. 2021 жыл – олар үшін армандар орындалатын, өзгеріске жол ашылатын кезең.
– Болашақ баланың жынысын анықтауға қалайсыз?
– Оны анықтау тәсілін, техникасын білгеніммен тәжірибеде қолдануды құптамаймын. Медицина дамыған заманда баяғыдай бақсы-балгер немесе нумеролог іздеп сабылмай-ақ сол саланың маманына барған дұрыс. Ал кімге ұл, кімге қыз беретінін бәрінен бұрын бір Алла біледі.
– Сізге жұрт көбіне қандай мәселемен келеді?
– Кейбір клиенттерім «болжам жасап беріңіз» дейді. Нумерология – көріпкелдік емес, математикалық дәлдікке құрылған ғылым. Көбі тұрмыс құрып, некелесуге ыңғайлы уақытты білу үшін келеді. Қызмет бабына байланысты кеңес сұраушылар жетерлік. Бетпе-бет те, онлайн форматта да кеңес алушылар көп. Клиенттерім – негізінен басқа қалалардан. Шет мемлекеттерде тұратын қандастарымыз ара-тұра кездеседі. Олармен тұрақты түрде кері байланыс жасаймын. Пайдам тигенін айтып, алғыс жаудырушылар аз емес.
– Бұл бағытқа неге бұрылдыңыз?
– Негізгі мамандығым – мұғалім. Нумерологияға балаларымның талантын танып, талабын ұштау, мамандық таңдауына ықпал ету үшін келдім.
– Көмектесе алдыңыз ба?
– Иә. Үлкен ұлым IT саласына икемді. Қазір сол салада жұмыс істеп жүр. Қызым кішкентайынан қолөнерді, сурет салғанды, ас әзірлегенді жақсы көреді. Биыл архитектура мамандығына оқуға түсті. Одан кейінгі балам спортқа жақын. Бұл жөнінен нумерология жәрдемдесті.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Назерке САНИЯЗОВА.

syrboyi.kz
30 желтоқсан 2020 ж. 813 0