Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Адам папиллома вирусы: жұғу, таралу жолдары, алдын алу шаралары

Адам папиллома вирусы: жұғу, таралу жолдары, алдын алу шаралары

Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысының м.а Ақгүл Түгелқызы  Балшамбаевамен елімізде жүргізіліп жатқан адам папиллома вирусына қарсы егу шаралары жөнінде болмақ.
– Елімізде адам папиллома вирусына қарсы егу шаралары басталғаны туралы баспасөз беттерінде, теледидарда хабарланды, жалпы адам папиллома вирусы несімен қауіпті?
Адам папиллома вирусы  - кондиллома (сүйел өсінділері) түзілуімен сипатталатын, теріні және дененің әртүрлі бөліктерінің шырышты қабықтарын зақымдайтын вирустар тобы.
 АПВ-ның 200-ге жуық түрі белгілі, олардың  14-і онкогенді және қатерлі ісік тудыруы мүмкін,  ең қауіпті түрлері - 6,11,16 және 18-типтегі вирустар.
Түріне байланысты вирус ауыз қуысының ,көмейдің , қол мен табанның , жыныс мүшелерінің  терісіне әсер етеді.
Бала кезінен бастап көптеген адамдар қолдарындағы дөрекі сүйелдерді жақсы біледі, оларды әдетте  адам папиллома вирусы қоздырады. Бұл вирустың ерекшелігі - ол қарапайым теріге тиген кезде де жұғады. Ересектер мен балалар оны жиі жұқтырады, бірақ бұл қорқынышты емес және ол із қалдырмайды.
Бірақ АПВ вирусының  қатерлі ісік шақыратын түрлері қауіпті, әсіресе вирус әйелдің денесінде  ұзақ уақыт болған кезде жатыр мойны  обырының  даму  қаупі артады. Вирус тез таралуға қабілетті, нәтижесінде папилломалар пайда болады(сүйел өсінділері), жасушалардың қатерліге айналуын және қатерлі ісіктің , мысалы жатыр мойны обырының дамуын қоздырады. Жатыр мойны обыры жағдайларының барлығы дерлік АПВ инфекциясынан туындаған. Ғылыми мәліметтерге сәйкес ,10 әйел мен ер адамның 8-і 25 жасқа дейін АПВ жұқтырған. Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайлары тіркеледі, 600-ден астам әйел бір жылда осы аурудан көз жұмады, яғни күніне орта есеппен 1-2 әйел қайтыс болады.
1965 жылы адам папиллома вирусы зертханалық жолмен анықталды, 1990 жылдан бастап вакцина жасау мақсатында жұмыстар жүргізіліп,  2006 жылы вакцина ойлап табылды, адам папиллома вирусына қарсы вакцина  адам папиллома вирусының қатерлі ісік шақыратын түрлерінен  қорғайтын алғашқы вакциналардың бірі , қатерлі ісіктен сақтанудың , алдын алудың ең тиімді жолы АПВ вакцинасын ектіру.
– Қандай меммлекеттерде адам папиллома вирусына қарсы егу шаралары жүргізілуде?
– Бұл аурудың емі жоқ. Ғылыми түрде дәлелденген жалғыз жолы- вакцина салғызу.  АПВ-ға қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Бүгінгі таңда  дүниежүзінде 135 мемлекетте АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізілуде, 125 мемлекетте адам папиллома вирусына  қарсы егу шарасы Ұлттық егу күнтізбесіне енгізіліп, жыл сайын тұрақты жүргізіліп келеді.   Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Австралия, АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания  секілді дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп отыр.
Австралия  мемлекеті  - 2007 жылдан бастап адам папиллома вирусына қарсы екпе енгізген алғашқы мемлекеттердің бірі. Бағдарлама нәтижесінде 18-24 жас аралығындағы австралиялық әйелдердің адам папиллома вирусын жұқтыруы 22 есеге , яғни 22,7 пайыздан 1,5 пайызға дейін азайған. Жатыр мойны обырымен ауыру 50 пайызға кеміген, вирустың қоршаған ортада таралуы 90 пайызға төмендеген. АПВ вакцинасының  тиімді екені дәлелденді. АҚШ-та вакцина енгізілгеннен кейін 11 жыл өткен соң  13-26 жастағы әйелдер арасында АПВ-ның  таралуы 81 пайызға төмендеді, Норвегияда егу шаралары басталғаннан кейін 16 жылдан соң ауру деңгейі 80 пайызға, Канадада 86 пайызға  төмендеген.
Орталық Азия мемлекеттерінің арасында  Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мемлекеттерінде АПВ-ға қарсы вакцинация жүзеге асырылуда, Өзбекстан мемлекеті адам папиллома вирусына қарсы вакцинацияны   Ұлттық егу  күнтізбесіне енгізіп, мақсатты топтағы балаларды  95 пайыз қамтып отыр,
 9-13 жас аралығындағы барлық қыз балалар егілген.  
– Біздің елімізде бұл егу шаралары қалай ұйымдастырылып, жүргізілуде?
– Қазақстан Республикасы  Денсаулық  сақтау министрлігі Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 17 қыркүйек 2024 жылғы №11 "Қазақстан Республикасында адам папилломасы вирусына қарсы вакцинацияны ұйымдастыру және жүргізу туралы" қаулысы шығарылып, 2024 жылдың 17 қыркүйектен   бастап республика бойынша 11,12,13 жастағы қыз балаларды адам папилломасы вирусына қарсы егу шаралары  басталды. Арал ауданы бойынша егу шаралары 03 қазаннан басталып,   бүгінгі күнге 380 қыз егілді.        
Егу шарасына АПВ 6,11,16,18 - 4 типінен қорғайтын 4 валентті вакцина қолданылады. Егу шарасына шприц-доза формасындағы Америка құрама штаттарында шығарылған "Гардасил" вакцинасы қолданылады. Вакцина иыққа дельта  бұлшық етке салынады 
– Неліктен вакцинация 11,12,13 жастағы қыздарға жасалады?
– Вакцина адам папиллома вирусын жұқтырғанға дейін енгізілсе, ең тиімді болып табылады. АПВ 25 жасқа толмаған адамдар арасында жиі кездеседі. Сонымен қатар, 9-14  жастағы вакцинация ең күшті иммундық реакцияны қамтамасыз етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 9-14 жас аралығындағы қыздарға вакцинация жүргізуді басымдық ретінде ұсынады.
АПВ-ға қарсы вакцина 2006 жылдан бастап пайдаланылуда, бүкіл әлемде 250 миллионнан астам адам екпе алған, осы мақсатта  500 миллион доза пайдаланылған, бұл күрделі теріс реакциялар тудырмады.
АПВ-ға қарсы вакцина әйелдердің репродуктивтік қызметіне ықпал етпейді және бедеулікке әкеп соғуы еш мүмкін емес, ол әлемнің дамыған елдерінде көп жылдық клиникалық зерттеулер нәтижесінде дәлелденген.
АПВ вакцинасының құрамында тірі вирустар жоқ. Вакцинаның құрамында ағзаға түскенде иммунитетті белсендіретін жекелеген вирус ақуыздары бар. Өз кезегінде  иммундық жүйе жасушаларымен адам папиллома вирусымен күресуге бағытталған қарсы денелер( антитела) өндіріледі. Осыған байланысты , вакцина обырды тудыруға қабілетсіз.
АПВ-ға қарсы вакциналар иммунитеті әлсіреген адамдар үшін қауіпсіз.
Адам папиллома вирусы ауруынан сақтаныңыз, 11,12,13 жасар қыз балаларыңызды осы аурудан екпе жасату арқылы қорғауға кеңес береміз.
– Сұхбатыңызға рахмет.         
19 қараша 2024 ж. 113 0