Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жедел респираторлық вирусты жұқпалар және тұмау ауруының алдын алу шаралары

Жедел респираторлық вирусты жұқпалар және тұмау ауруының алдын алу шаралары

Бүгінгі сұхбатымыз  Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысының м.а А.Балшамбаевамен «Жедел  респираторлық вирусты жұқпалар және тұмау ауруының алдын алу   шаралары» тақырыбында  болмақ.
– Күз-қыс айлары  адамдар арасында тұмау ауруының  кең етек алатын   мезгілдері. Бұл кезде салқын тию ауруларымен ауырып үй жағдайында өз беттерімен немесе  дәрігерге көрініп  ем алушылар саны көбейетіні белгілі. Осыған байланысты  тұрғындарды жедел респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмау  ауруы жөнінде ақпараттандырып өтсеңіз?
– Жедел  респираторлық вирусты жұқпалар және тұмау ауруы– өте тез жұғатын, әрі  тез  тарайтын тыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы. Жедел респираторлық вирусты жұқпалардың клиникасы ауыр емес, ауру жоғары тыныс жолдарының зақымдалуымен шектеледі, яғни мұрыннан су ағып, тамақ ауырады, кей жағдайда дене қызуы көтеріліп, бас ауру байқалады. Тұмау ауруы жедел басталады, ауырған адамның бірден тұла бойы қалтырап, дене қызуы 38-39 ºС , кейде 40ºС температураға дейін жетеді. Басы шаншып ауырып, адам дел-сал күйде болады, құрғақ жөтел, тамақтың жыбырлауы, дауыстың қарлығуы, кеуденің ашып ауруы тәрізді белгілер, сондай-ақ  белі мен аяқ буындары сырқырайды, беті мен көзі қызарып, әлсіздік болады. Егер ауырған адам дер кезінде дәрігерге қаралып,емделетін болса 5-7 күнде аурудан айығып кетеді.
Тұмау асқынған жағдайда ауру адамның өкпесі, кеңсірігі, құлағы  қабынып, плевритке, пневмонияға ұласады, жүрек, буын, бүйрек, ми және ми қабықтары зақымданады.
– Жедел респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмау ауруы әсіресе кімдерге қауіпті , соған тоқталсаңыз?
– Статистикалық деректер бойынша, еліміздеэпидемиологиялық кезеңде жедел респираторлық вирусты жұқпалар  және тұмаумен 800 мыңнан 1 миллионға дейін адам ауырады. Ауру көрсеткіші ересектер  арасында  40 пайызды құраса, балалар арасындағы көрсеткіш 60 пайызға жеткен.Жедел респираторлық вирусты жұқпалармен  және тұмаумен  көп жағдайда  қарт адамдар, жоғары тыныс алу жолдарының және бронх-өкпе жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар, иммунитеті төмен, әлсіз және жиі ауыратын ересектер мен балалар   ауырады.
– Жедел респираторлық вирусты жұқпалармен  және тұмаудың  бүгінгі таңдағы тіркелуі  қандай деңгейде?
– Арал ауданы тұрғындары арасында  2023 жылдың  қаңтар-қазан  айларында   жедел респираторлық вирусты жұқпалардың  1267жағдайы тіркеліп, оның 628-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында, 127-і жасөспірімдер арасында орын алды. 2024 жылдың осы мерзімінде жедел респираторлық вирусты жұқпасымен 3746 науқас тіркеліп, оның 2066жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар  болса, 545-і жасөспірімдер үлесінде болды. Аурушаңдықтың жалпы көрсеткіші өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 5,6 есеге, балалар арасында  6,8 есеге, жасөспірімдер арасында 9,5 есеге өскен. Сондай-ақ аудан көлеміндегі  жекелеген елді мекендер бойынша  жұқпаның  тіркелу деңгейі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда көтеріңкі болып, эпидемиологиялық ахуал «қолайсыз» жағдайда қалыптасты. 2023-2024 жылдардың алғашқы 10 айында  тұмау жұқпасы тіркелмеді.
– Жедел респираторлық вирусты жұқпалар мен   тұмаудан сақтанудың қандай жолдары бар,сол жөнінде қысқаша   тоқталсаңыз?
– Жедел респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмаудан қорғанудың негізгі жолдарының бірі-осы ауруға қарсы екпе алу. Тұмаудың өріс алуы кезеңі алдында  халықтың неғұрлым осал топтарына (60 жастан асқан адамдар, созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры аурулары, иммундық жетіспеушілігі бар ересектер мен балалар, әлсіз және жиі ауыратын балалар, жүкті әйелдер) және медицина қызметкерлеріне  тұмауға қарсы  егу шарасы жүргізіледі.  Вакцина ауру басталған кезде оның өршуіне тосқауыл болып, аурудың кең тарап кетуіне кедергі келтіреді. тұмауға қарсы егу- ауруға шалдығуды, асқынуларды болдырмауды, ауыр түрлерін азайтатындығы  дәлелденген жайттар. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айының  18-ші жұлдызы мен қазан айының 03 – ші жұлдызы аралығында облыстан бөлінген  8000 доза тұмауға қарсы қолданылатын вакцинаға жоғарыда аталған топтағы 8000 адам егіліп, жоспар 100 пайызға орындалды.
Сонымен қатар әр адам төменде көрсетілген ережелерді  сақтай отырып, өзін және жақындарын аталмыш аурулардан қорғай алады,атап айтқанда,
-Науқас адам үйде емделген жағдайда оны жеке бөлмеге оқшаулап, қарым-қатынаста болған адамдарға жұқтырмас үшін  науқас  адам жөтелгенде, түшкіргенде аузы-мұрнын қолымен немесе орамалмен (шүберекпен) жабуы тиіс немесе бірмәртелік бетперде киіп жүргені жөн.Науқастың тек өзіне арналған ыдысы, орамалы т.б. болуы қажет. Оларды жиі жуып, залалсыздандырып отыру керек.
-Мұрын мен ауыз қуысын ұдайы тұзды ертіндімен шайып, жеке бас тазалық шараларын сақтау
-Дәрумендерге бай сұйықтықтар, әсiресе лимон, бал, таңқурай, итмұрын қайнатпалары  қосылған  шәйдi, минералды суды көбiрек iшу. Пайдалы, құнарлы азық-түліктерді күнделікті тағамға пайдалану ( көкөніс, жеміс-жидек,сорпалар және т.б.)
- Таза ауада көп жүру, дене шынықтыру және спортпен айналысу   аурулардың алдын алуға үлкен септігін тигізеді.
- Үйдің тазалығын сақтау, бөлмелерді жиі-жиі желдетіп,ауаны тазартып отыру және ылғалды тазарту, бөлме температурасын 20-24 0С аралығында ұстау қажет.
-Көпшілік жиналатын орындардың барлығында санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтау ( бетперде кию, ауруханалар мен емханаларда келушілердің санын, болу уақытын шектеу
– Сұхбатыңызға рахмет !
22 қараша 2024 ж. 115 0