Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ: КІШІ АРАЛДЫҢ КЕМЕЛДЕНУІНЕ КҮШ САЛУЫМЫЗ КЕРЕК

Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ: КІШІ АРАЛДЫҢ КЕМЕЛДЕНУІНЕ КҮШ САЛУЫМЫЗ КЕРЕК

– Мархабат Жайымбетұлы, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жуырда облысқа жұмыс сапарымен келді. Өңірдің су шаруашылығына, әсіресе, Кіші Аралдың ендігі тағдырына қатысты ең өзекті мәселелер талқыға түскен жиындарда өзіңіз де болдыңыз. Онда қандай ұсыныстар көтерілді, халықтың ортақ тілегі қандай?
– Аралды қалпына келтіруге бағытталған жоба өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуды, балық шаруашылығы мен туризмді дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейді. «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасының 3 негізгі компоненті бар. Соның екеуі Қызылорда облысында тұрақты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қызметті қолдауға арналған. Екінші компонент бес бағытты қамтиды: балық шаруашылығы, туризм, жасыл белдеу құру, егін және мал шаруашылығы. Оған 39 жоба енгізілген. Жобалар жүзеге асқан жағдайда 2 мыңға жуық адамға тұрақты жұмыс табылар еді.
Министр қатысқан жиында әртүрлі ұсыныс айтылып, тек бір тілек болды. Ең болмағанда Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу жобасы жүзеге асса деген. Теңіз жағасында орналасқан әрбір аралдықтың тұрмыс-тіршілігі Кіші Аралға тәуелді. Атакәсіптен ажырағысы жоқ ағайын әлі де теңіз тынысына дем беретін бастамалардың орындалуынан үмітті. Оның ішінде «Көкарал» бөгетінің су деңгейі 42 метрден 50-51 метр биіктікке дейін көтерілсе деген байламды ойға топтасты. Көші жылыстаған ІІ кезеңнің экономикалық тиімді тұстары талай жыл талқыланып, салалық министрліктің бақылауында тұр. Көпшілік қоштаған І деңгейлі бастама да жан-жақты талқылаудан өтіп, тиімділігін сала мамандары саралауы қажет.
Жиында бұрынғы Қазақ ССР балық шаруашылығы министрі, Қызылорда облысы және Арал ауданының құрметті азаматы Құдайберген Саржанов, Арал өңірінің тумасы, осы жобаны бес саусағындай білетін жазушы, эколог Сайлаубай Жұбатырұлы, ихтиолог ғалым Зауалхан Ермаханов Кіші Аралды сақтап қалудың тиімділігін екшеп берді. Теңіз жанашырлары министрлік өкілдерімен бірге Арал ауданының «Бөген», «Қаратерең», «Ақбасты» елді мекендеріне барды, одан хабарым бар. Мамандар миллиардтаған қаржыға тұрғызылған «Көкаралды» бұрынғы қалпын бұзбай, жаңа нысан ретінде тиімді пайдалануға болатынын дәлелдеді. Құрылысқа қажет өзге де ұсыныстарын жеткізді. Арал халқы көп күткен «Көкаралды» көтеру тұтас Кіші теңіздің оралуының үмітті нышаны деп біледі. Депутат ретінде бұған дейін менің атыма 200-ден астам адам қол қойған хат келген болатын. Бұл мәселені Мәжілісте бірнеше рет көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Алдабергенұлына депутаттық сауал да жолдадым. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» дегендей, мен халық пен министрлік арасында дәнекер көпір бола білдім деп ойлаймын. Кесімді сөзді министрліктен күтеміз.
– Теңіз тағдыры – оның игілігін көріп отырған қаншама халықтың тағдыры. Өзіңіз жоғарыда атап өткен «Көкарал» бөгетінің су деңгейін 42 метрден 50-51 метрге дейін көтеру және «Сарышығанақ» жобалары талай жылдан бері тартысқа түсіп келеді. Экологиялық апаттың бар қиындығын бастан кешіп отырған Арал халқының Кіші Аралға қатысты ұсыныс-тілегін Парламент мінберінде көтердіңіз. Көпшілік қайсысын қолай көріп отыр?
– Он бес жылдан бері Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу (САТ) жобасының екінші кезеңі айтыс-тартыспен кешіккен жайы бар. Сыр суының байырғы мамандары мен теңізбен тағдырлас Арал халқы Кіші Арал – «САТ» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруда жобаның бір деңгейлік нұсқасын табанды түрде сұрап келеді. Ол 2005 жылы «Көкарал» бөгетін көтеру арқылы жүзеге асты. Бір әттеген-айы, «Көкарал» бөгеті «Сырдарияда су аз болады» деген орталықтағы мамандардың болжамымен өте төмен салынды (42 м.НГ).
Айта кететін жайт, 14 жыл су министрі болған, ғұмырын су саласына арнаған Нариман Қыпшақбаевтың бөгетті 52-53 метр биіктікте көтеру туралы талап-ұсынысына сол тұстағы «Казгипроводхоз» жобалаушылары құлақ аспаған екен. Нәтижесін көріп отырмыз. Біріншіден, теңіздің тағдырын шығыны ұшан «Сарышығанаққа» байлағалы отыр. Екіншіден, «Көкарал» бөгетінің құрылысында жіберілген қателіктен ұлы теңіз жағына қарай 48 млрд текше метр шамасында су зая кетті. Мыңдаған тонна балық рәсуа болды. Енді тиімсіз жобаны жүзеге асырып, осылай Аралдың тағы бір қасіретіне өзіміз жол бермекпіз бе? «Сарышығанақтың» тиімділігі төмен әрі эксплуатациясы өте қымбат. Ол мақұлданған жағдайда теңіз екінші рет экологиялық апатқа ұшырап, жоғалып тынады.
Арал халқымен кездескен сайын теңіз мәселесін қозғайды. Су ресурстары және ирригация министрлігі ұсынған екі деңгейлі схемаға халық түбегейлі қарсы. Қазір жобаны жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік банктен 1,5 миллион доллар бөлінген. Бір қызығы, қаражат жергілікті халықпен толық келіспестен, қоғамдық талқылау өткізбестен игеріліп қойған. Оған мүдделі кім, қаржы мақсатты жұмсалды ма деген сауалдар алға шығады. Бұл арада «Қамыстыбас» көлінің табиғи кешенін бүлдіруге болмайтынын ел айтып, бәрін біліп отыр.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Алдабергенұлына жолдаған депутаттық сауалымда бірнеше жайтты алға тарттым. Біріншісі – бір деңгейдегі схеманы қалдырып, екі деңгейлі «САТ» жобасын түбегейлі тоқтату. Екіншісі – Солтүстік Арал теңізінің 12 шақырымдық «Көкарал» бөгетінің тұрақтылығын сақтау және қамтамасыз ету. Үшіншіден, «Қамыстыбас» көлі – аймақ жауһары әрі өңірде экологиялық тепе-теңдікті сақтауда зор маңызға ие. Сондықтан оның режимін бұзудың қажеті жоқ. Төртіншіден, «Ақлақ» су торабының құрылысы бұрын кеуіп қалған «Қарашалаң», «Баян», «Сарытерең», «Домалақ» және басқа да көлдерді қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Енді жобаның 2-кезеңі шеңберінде «Қамыстыбас», «Ақшатау», «Ақсай» және «Қуаңдария» көлдер жүйесі үшін осындай жұмыс жүргізу керек. Жергілікті халық бұл мәселеде ашықтық болғанын қалайды.
– Солтүстік Арал теңізін қалпына келтірудің, бір деңгейде жүзеге асырудың артықшылығы неде? Ол бізге не береді?
– Теңіз жағасында орналасқан 8 ауыл, 1 қала, тыныс-тіршілігі теңізбен байланысты ондаған елді мекен және 2-3 ауданның тұрғындары осы жобадан үлкен үміт күтеді. Бір деңгейлі Кіші Арал нұсқасы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық, өлкенің экологиялық, аймақтың экономикалық ахуалын оңалтуға елеулі түрде ықпал етеді. Ғасырлар бойы қалыптасқан «Қамбаш» экожүйесі бұзылмауы керек. Осыдан 40 жыл бұрын кеңестік көзбояу саясатынан туған «екі деңгейлі Кіші Арал» деген ескі нұсқаны қайта тірілтудің енді қажеті жоқ. Еліміз мән беріп отырған аса маңызды құрылыс 10-20 жылдық қысқа перспективада емес, 50-100 жыл болашақты көздеп салынуы керек. Кіші Арал бір аймаққа ғана емес, Орталық Азия тауларындағы мұздықтар режиміне де оң әсер етеді. Дариялар суы толысады. Негізгі су көзі – Сырдария өзенінде Солтүстік Аралға үлесті су көлемі жылына ең кемі 3,5-4 млрд текше метр болып заңды түрде бекітілуі тиіс. Аралдың солтүстік бөлігін қайта қалпына келтіру Арал халқы мен өлкесі, экологиялық апат әсерін жеңілдету үшін, болашақ ұрпақ қамы үшін ауадай қажет.
– Министрдің аймаққа сапары кезінде халықты ауызсумен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Осы ретте қандай жұмыстарға куә болдыңыздар?
– Арал ауданының Жақсықылыш кентінде біз «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының «Қосаман-Ақбасты», «Арал-Тоқабай-Абай» топтық су құбырын қосу тармағын салу және «Ақбасты», Тоқабай, Абай елді мекендерін ауызсумен жабдықтау жобасын көрдік. Аймақ басшысының тікелей бақылауымен елді мекендерде жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп келеді. Облыс бойынша қалаларды орталықтандырылған ауызсумен қамту деңгейі – 100 пайыз, елді мекендер – 98,6 пайыз. Қос ауданның халқын тіршілік нәрімен қамтып, сапалы ауызсу беруде «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің «Қосаман» бас су тоғанына қарасты №1 су көтеру насосты стансасының атқарар маңызы зор. Бұл – аудан үшін аса маңызды стратегиялық нысан. Су айдау стансасы бірнеше жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. 160 мыңдай адам 240-270 метр шамасындағы тереңдіктен тартылған бұлақ суын тұтынып отыр. Бірақ құбыр желілерінің 80 пайызы тозған. Осы жылы су құбырының 234 шақырым бойынша екінші тармағын жүргізу көзделуде. Жобаның жалпы құны – 43,7 млрд теңге.
Қазіргі таңда аталған №1 су көтеру насосты стансасы арқылы шалғайдағы «Ақбасты» ауылына 117 шақырымды су құбыры желісі тартылды. Сонымен қатар 100 шақырымды, ішкі желілерін қоса есептегенде 170 шақырым болатын Тоқабай-Абай бағытына ауызсу тартылып жатыр. Көктем шыға бұл ауылдарға толығымен тіршілік нәрі барады. Биыл «Ерімбетжаға» және «Тастүбек» елді мекеніне ауызсу желісін тарту жұмыстары жүргізілмек. Осы жұмыстардың нәтижесінде сапалы ауызсу тұтынатын аралдықтардың үлесі 95,4 пайызға жетпек.
– Әңгімелесуге уақыт бөлгеніңіз үшін алғыс білдіремін.    
   
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
21 қаңтар 2025 ж. 59 0