Артериялық гипертония: МӘМС аясында көмекті қалай алуға болады?
Артериялық гипертензия – әлем бойынша ең кең таралған созылмалы аурулардың бірі және мүгедектік пен мезгілсіз өлім-жітімнің негізгі қауіп факторларының бірі. Қан қысымының жоғарылауы инфаркт, инсульт, жүрек және бүйрек жеткіліксіздігі сияқты ауыр асқынуларға жиі әкеледі.Қызылорда облысында да артериялық гипертония ең жиі кездесетін аурулардың бірі болып қалып отыр. Бұл дерттін пайда болу себептері, оның алдын алу жолдары, дер кезінде диагностика жасау және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясындағы заманауи емдеу тәсілдері туралы №6 қалалық емхананың кардиолог дәрігері Таир Бельгибаев сұхбат барысында айтып берді.
- Артериялық гипертонияны қазіргі заманның індеті деп атайды. Қазақстандағы статистика қандай, бұл ауру қай жастан бастап дамуы мүмкін және оны қалай анықтауға болады?
- Артериялық гипертензия шынымен де әлемдегі ең кең таралған созылмалы аурулардың бірі болып қала береді, Қазақстан да бұл қатардан тыс емес. Денсаулық сақтау саласының деректеріне сүйенсек, елімізде миллиондаған адамда қан қысымының жоғарылауы анықталған. Алайда көптеген пациенттер өз диагнозы туралы ұзақ уақыт бойы білмей жүреді.
Гипертония қаупі әдетте 40 жастан кейін артады деп есептеледі, бірақ бүгінде бұл дерт 25-30 жастағы жастар арасында да жиі кездесуде.
Гипертонияның негізгі проблемасы – дерт ұзақ уақыт бойы еш белгісіз өтуі мүмкін. Сондықтан оны анықтаудың ең сенімді жолы – қан қысымын үнемі өлшеу. Қалыпты қысым 140/90 мм сын. бағ.-дан төмен болуы тиіс. Егер көрсеткіш тұрақты түрде жоғары болса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.
- Қауіп тобына кімдер жатады? Қандай белгілер алаңдатуы керек?
- Қауіп тобына артық салмағы, қант диабеті, жоғары холестерині бар, тұқым қуалаушылығы бар пациенттер, сондай-ақ темекі шегетін және аз қимылдайтын адамдар жатады.
Бастың ауыруы, әсіресе желке тұсының сырқырауы, бас айналу, құлақтағы шу, жүрек қағысының жиілеуі, әлсіздік, ентігу сияқты белгілерге назар аудару қажет. Алайда гипертония көптеген науқастарда ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз өтуі мүмкін екенін ұмытпау керек.
-Қан қысымының бақылаусыз жоғарылауы немесе төмендеуі несімен қауіпті?
-Қан қысымының бақылаусыз жоғарылауы инсульт, миокард инфаркті, жүрек жеткіліксіздігі, бүйрек зақымдануы және көру қабілетінің нашарлауы сияқты ауыр асқынуларға алып келеді. Жоғары қысым қан тамырлары мен ішкі ағзаларды біртіндеп зақымдайды.
Ал қысымның күрт төмендеуі, әсіресе егде жастағы адамдар үшін қауіпті. Бұл есінен тануға, құлап қалуға, ми мен жүректің қан айналымының бұзылуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан қан қысымындағы кез келген өзгеріс дәрігер бақылауын қажет етеді.
-Гипертония белгілері пайда болған жағдайда пациент қандай әрекет жасауы керек? Кардиологпен кеңесуүшін жалпы тәжірибелік дәрігердің жолдамасы қажет пе?
-Ең алдымен тіркелген емханадағы жалпы тәжірибелік дәрігерге қаралу қажет. Маман тексеру жүргізіп, қажетті зерттеулерді тағайындайды және қажет болған жағдайда кардиологқа жолдама береді. Айта кету керек, тар буынды маманнаң кеңес алу үшін пациент міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған болуы тиіс.
Егер жағдай өте жоғары қысыммен, қатты бас ауруымен, сөйлеудің бұзылуымен, аяқ-қолдың жансыздануымен немесе тыныс алудың қиындауымен қатар жүрсе, шұғыл түрде жедел жәрдем шақыру қажет.
-Демек, шұғыл жағдайда медициналық сақтандыруы жоқ пациент те тегін ем ала ма?
-Иә, Қазақстанда шұғыл медициналық көмек МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға көрсетіледі. Бұл жедел жәрдем шақыруға, шұғыл госпитализацияға және өмірге қауіп төндіретін жағдайларда көрсетілетін медициналық көмекке қатысты.
- Артериялық гипертензияға күдік болған жағдайда қандай зертханалық және аспаптық зерттеулерден тегін өтуге болады? МӘМС аясында не қарастырылған?
- 2026 жылдан бастап артериялық гипертензияны динамикалық бақылау және емдеу міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне енгізілді. Гипертонияға күдік болса сақтандырылған пациенттер мамандардың кеңестеріне, зертханалық талдауларға және диагностикалық зерттеулерге қол жеткізе алады. Көрсеткіштерге байланысты дәрігер жалпы және биохимиялық қан талдауын, зәр талдауын, ЭКГ, эхокардиография, холтерлік мониторинг, тәуліктік артериялық қысым мониторингін, қан тамырларының УДЗ-сын және басқа да тексерулерді тағайындай алады.
-Диспансерлік есепте тұрған пациенттерге гипертонияны емдеуге арналған қандай дәрілер беріледі?
Артериялық гипертония бойынша диспансерлік есепте тұрған пациенттер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС аясында тегін дәрілік препараттармен қамтамасыз етіледі.
Олардың қатарында АӨФ (ангиотензин-өзгертуші фермент) тежегіштері, бета-блокаторлар, кальций антагонистері, диуретиктер және басқа да заманауи гипотензивтік препараттар бар. Дәрілер пациенттің жағдайына және қатар жүретін ауруларына байланысты тағайындалады. Мысалы, орташа өкпелік гипертензиясы бар пациенттер емханада ай сайын «Бозентан» препаратын алады. Бір қаптамасының құны 400 мың теңгеден асады.
Жалпы, диспансерлік есепте тұрған кардиологиялық аурулары бар пациенттер шамамен 30 түрлі дәрілік препаратпен қамтамасыз етіледі.
- Нәтиже болмаған жағдайда емдеу әдісін өзгертуге бола ма?
-Әрине. Егер тағайындалған ем тиімді болмаса немесе жанама әсерлер туындаса, дәрігер дозаны өзгертіп, дәрі-дәрмекті өзгертеді немесе біріктірілген терапия тағайындайды. Емдеуді өз бетінше өзгертуге немесе тоқтатуға болмайды, өйткені бұл жағдайдың күрт нашарлауына әкелуі мүмкін.
-Қандай жағдайда пациент кардиологиялық орталыққа жіберіледі?
-Гипертония ауыр түрде өткенде, гипертониялық криздер жиі қайталанғанда, жүрек пен қан тамырлары тарапынан асқынуларға күдік болғанда, жоғары технологиялық диагностика немесе ем қажет болған жағдайда пациент стационарға жолданады. Сондай-ақ стандартты терапия нәтиже бермегенде немесе қатар жүретін жүрек-қан тамырлары аурулары болғанда да жолдама беріледі.
-Мен өзімді жақсы сезінсем, қан қысымды күнділікті өлшеуім керек пе? Үй жағдайында қысымды қалай бақылауға болады?
-Иә, әсіресе 40 жастан асқан адамдар мен қауіп тобындағы пациенттер үшін маңызды. Өзін жақсы сезінгеннің өзінде қысымды бақылап отырған жөн.
Қан қысымыңызды таңертең және кешке бір уақытта өлшеген дұрыс. Өлшеуге дейін 30 минут бұрын кофе ішпеу, темекі шекпеу және физикалық жаттығу жасамау ұсынылады. Көрсеткіштерді өзін-өзі бақылау күнделігіне жазып отырған жөн.
- Жасанды интеллектке жиі жүгініп, дәрігерсіз өз бетінше емделуге тырысатын қазақстандықтар көбейді. Сіздің тәжірибеңізде мұндай жағдайлар кездесе ме?
-Иә, мұндай жағдайлар жиілеп келеді. Пациенттер интернеттегі кеңестерді оқиды немесе жасанды интеллект көмегімен өзіне диагноз қойып, дәрі тандайды. Бірақ ешқандай технология дәрігердің толыққанды тексеруі мен медициналық зерттеуін алмастыра алмайтынын түсіну қажет.
Кейде өз бетінше емделу дәрілердің дұрыс таңдалмауына, асқынуларға және уақыт жоғалтуға әкеледі. Жасанды интеллект жалпы ақпарат алуға көмектесуі мүмкін, бірақ емдеу туралы шешімді дәрігер қабылдауы тиіс.
-Артериялық қысымды қалыпты деңгейде ұстау үшін қандай профилактикалық шаралар қажет? Өмір салтында нені өзгерту керек?
-Алдын алудың негізі – салауатты өмір салты. Тұзды, майлы тағамдар мен қантты шектеу, физикалық белсенділікті арттыру, салмақты бақылау, темекі мен алкогольден бас тарту қажет. Ұйқы кестесін сақтау және күйзеліс деңгейін төмендету де өте маңызды. Сондай-ақ профилактикалық тексерулерден тұрақты өтіп, шағым болмаса да қан қысымын бақылап отырған жөн. Гипертонияны ерте анықтау ауыр асқынулардың алдын алып, өмір сапасын сақтауға мүмкіндік береді.
-Сұхбатыңызға рақмет!
Айгүл Аханова










