«Бір жомарт шығар деген үмітім бар»
– Мөлдір, қазір бұл жоба жайында күллі еліміз құлағдар болды. Әр апта сайын әлеуметтік желіден асыға күтіп отыратынның бірі өзіміз. «Мөлдір өлеңнің» мөлдір бастауы қайдан шықты?
– Бұл жоба менің қиялымнан туды. Спорт түрлерінен өтетін турнир, спартакиадаларды айтпағанда, білім саласында да әртүрлі олимпиадалар бар. Айтыстың даңқы аспанға шықты, әншілер үшін «Superstar KZ», «Қазақстан даусы» ән байқаулары, жыршы-термешілердің «Мен – қазақпын» жобасы баршаға мәлім. Бұлардың бәрі де жазба ақындарды айналып өтеді. Мен осы олқылықтың орнын толтырғым келді және ақындардың кеңірек танылғанын қаладым.
– Жобаның қаржысын көтеріп отырған демеушің бар шығар?
– Әзірге демеушім жоқ, бірақ бір жомарт шығып қалар деген үмітім бар. Мен өзім әнге сөз жазам, тойда арнау айтып табам, сол ақшаларымды осы жобаға салдым. Оның үстіне дауыс беру ақылы аптасына жүз мың түседі, билет сатамыз, содан құралады.
Музыка құрылғылары, сахна, YouTube арнасының тікелей түсірілімі, бәріне ақы төлеймін.
– Газет оқырманы үшін түсінікті болсын, жобаға қанша ақын қатысып жатыр?
– 17 облыстан және 3 мегаполистен, яғни 20 аймақтан 20 команда жиналды. Оларды Қазақстан Жазушылар одағының қатынас хаттары арқылы алдырдық. Әр командада үш ақыннан, алпыс ақын апта сайын сайысқа түсіп, іріктеу кезеңінде өнер көрсетіп келеді.
– Сырбойылық ақындардың жайы қалай, олар кім?
– Жобаға Қызылордадан Ақжол Түменбай, Аружан Оралбай және Аралдан Айдар Сайлау есімді үш ақын келді. Олар іріктеуге іркілмей жетті, үшеуі де мықты ақын.
– Олардың жүлдесі қалай шешіледі?
– Оныншы апта біткен соң командалардың тең жартысы қалып, одан бесеуі, бесеуден екеуі қалып, жеңімпаз шығады. Үздік шыққан үшеу 3 млн теңгеге және 100 гр алтын, 3 карат бриллианттан құйылған ауыспалы статуэткаға ие болады.
«Өзім есептесем боталы түйе алам, жұрт есептесе аяғымды аннан-саннан бір басам» дегендей, осылай болуы тиіс деп отырмыз. Шынымды айтсам, жомарт, мырза, елжанды азаматтарға арқа сүйеймін.
– Спортшыларға көрсетіліп жатқан сый-құрметті көргенде риза болып отырамыз. Өлеңнің де өз жанашыры бар шығар. Ақындарға қалыңсыз қыз беріп, үйірлеп жылқы айдатқан мырза аталарымыздың ұрпақтары тірі, арамызда жүр.
Рухани байлықты жасау жолындағы материалдық байлықтың ролі үлкен екенін жұрт жақсы біледі. Абайдың «Сұлу аттың көркі – жал, адамзаттың көркі – мал» дегенін немесе Бұқар жыраудың «Шүлдірлеген қызыл тілден не пайда, алдыңа салып айдаған малың болмаса» дейтінін осы тұрғыдан түсінген абзал.
Біз сенің ақындардың аты шықсын, көрікті сөзі көптің кеудесіне сәуле сепсін деген ниетіңе бек разымыз. Аспаннан періште түсіпті десе мойын бұрмай кете беретін заманда біреуді таңғалдырамын деу бекер. Ал жүректің қылын шертіп әуен шығаратын асыл өлеңге аялдамайтын кім бар. «Әу демейтін қазақ жоқтың» мағынасы – сол.
Саған «Сыр бойы» оқырмандары атынан сәттілік тілеймін. «Мөлдір өлең» мәресіне абыроймен, табыспен жеткейсің.
Сұхбаттасқан
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ
syrboyi.kz











