Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» VIP-нөмір: имидж бе, әлде дарақылық па?

VIP-нөмір: имидж бе, әлде дарақылық па?

Бүгінде тар көше бойымен жағалай орналасқан қымбат көліктерге көзіміз үйренген. Шетелдік түрлі маркалы көліктердің түр-сипаты былай тұрсын, нөмірлері мен әріптерінің өзі бағасын айтып тұратыны белгілі. Өткен жылы қазақстандық көліктерге арналған «вип нөмір» үшін 6 млрд-тай теңге жұмсалған екен. Бұл 2020 жылмен салыстырып қарағанда екі есе артық көрсеткіш. Негізі атаулы көлік нөмірі біздің елде 2014 жылдан бері сатылымда бар. Сатып алушы азаматтар қалаған сан тізбектерін таңдап, сондай-ақ бірдей әріптерге тапсырыс бере алады.
Қазір көліктеріне «вип нөмірлерді» көп сатып алушылардың рейтингін Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларының тұрғындары бастап тұр. Сонымен бірге көлік иелері темір тұлпарына ерекше нөмірлерді арнайы ХҚО немесе egov.kz сайты арқылы онлайн тіркеу барысында таңдай алады. Егер көлік иесінің бұрыннан вип нөмірі болса, жаңадан алған көлігіне 6 ай ішінде қайта рәсімдеуге құқығы бар. «Вип нөмірлердің» бағасына назар аударып көрелік. Олардың ең арзан дегені – 174 591 теңгені құраса, қымбаты 872 955 теңге тұрады екен. Дегенмен 001, 555, 777 секілді бірдей цифр немесе әріптері бар нөмірлер бұдан да қымбат. Олар орта есеппен – 1,7 мың доллар көлемінде тұрады.
Иә, қазір ерінбей еңбек етсең, барлығына қол жеткізуге болады. Осыған сай халықтың да тұрмыс-тіршілігі біршама жақсарған. Әр адам өз бетінше табыс тауып, отбасын қамтамасыз ете алады. Ескі көлік орнын жаңа маркалы темір тұлпарлар басып жатыр. Бір уақыттары көлігі бар адам қалталылар санатына жатса, бүгінгі күні көлік қарапайым қатынас құралы ретінде ғана қабылданатын болды. Тіпті бір шаңырақта бірнеше көлік болса, таңғалмайтын жағдайға жеттік.
Бойымызда қалыптасқан әдет пе, әлде ескіше қазақы болмысымыз ба?! Әйтеуір қалың көпшілік арасында өзгешеленіп, төбелерінен жоғары қарап тұрғанды ұнататынымыз жасырын емес. Себебі темір тұлпардың маркасы өз алдына, оның нөміріне дейін аса мән беріп қарайтын болғанбыз. Иә, адамды ең сүйкімсіз етіп көрсететін қасиетінің бірі – мақтаншақтық пен мақтансүйгіштік. Ұлы Абай атамыздың қара сөздерінде адам бойындағы мақтаншақтық сезімі болатынын және оның түрлері жайында айтылады. Сондай-ақ хакім Абай «өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, бес дұшпаның білсеңіз» деген. Мақтаншақтық қасиет пендеге залалдан басқа түк әкелмейтін жағымсыз қасиет. Осы қасиеттер бүгінгі біздің басты дертке айналғаны өкінішті. Ұлан-асыр той жасап, тойға келген қауымға мақтан үшін ақша, қымбат телефон тарату, екі жасты той ортасына қымбат көлікпен кіргізу және қымбат торттан ауыз тигізу – біздің қазаққа тән «понт» мінез.
Айлығы тамағынан аспай, әрең күн көріп жүрсе де, айфон сатып алатындар бар. Тіпті басында баспанасы жоқ болса да, несиеге қымбат көлік алып мінетіндер де жоқ емес. Ол көлікке мақтан үшін ерекше нөмір алатыны тағы бар. Айтпақшы, көлігінің нөмірі былай тұрсын, қолындағы ұялы телефонының нөмірінің де ерекше болғанын қалайтындар жетерлік. «Нөмірі ерекше екен» деген сөз үшін олар да аянып қалмайды. Ең қымбат нөмірдің өзі 2 млн 200 мыңға дейін барады екен.
Жалпы ерекше нөмірлерді сату – шетелде бар үрдіс. Бірақ бұл нәрсе көбіне бай деген мемлекеттерде кездеседі. Әсіресе Біріккен Араб Әмірліктерінде ерекше қымбат нөмір үшін талас жоғары екен. Сол үшін олар нөмірлерді аукцион арқылы сатады.
 Бай елдердің жағдайы түсінікті ғой. Ал біздің ше? Әл-ауқатымыз осыған сай ма? Әліне қарамай шектен тыс дарақылыққа жол беретіндерді шектейтін заң қолға алынуы қажет секілді. Себебі түкке тұрғысыз дүние жағынан бәсекеге түсетіндер өзгенің де санасын улап жатқаны анық. Бір жағынан мақтаншықтыққа салынып, дүниеге босқа мастанбағанымыз да жөн болар.
А. НҰРЛАНОВА
---
26 шілде 2022 ж. 323 0