Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Әкеге қарап ұл өсер

Әкеге қарап ұл өсер

Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген. Ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер-азамат – ата-ананың отын тұтатушы болып саналады.
Қазақ отбасының ерекшелігі жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде. Қазақ отбасындағы үлкенді құрметтеу әдеті жауапкершілік, адамгершілік сезімдерін туғызған. Дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда абыройлы әкеге, үлгілі отағасына, қадірлі ағаларына байланысты.
Халқымыз ұл бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қай халықта болмасын, ұл бала тәрбиесі – әке меншігінде. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей отырып, қазақ отбасында әкелер өзінің білетін бар өнерін балаларына үйретіп, оларды мерген, аңшы, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт етіп тәрбиелеген. Бала ес білгеннен бастап, оның құлағына «сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсын, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөздерді құйып отырған.
Қазақта дүниеге ұл келсе, тұқымымыздың жалғасы, шаңырақ иесі дүниеге келді деп ұлан-асыр, ат шаптырып той жасау күні бүгінге дейін сақталған. Дүниеге ұл әкелу әсіресе, әке үшін зор бақыт, үлкен мақтаныш. Қазақта бір кісі қайтыс болса, артында қалған баласы бар ма еді деген сауалы болады. Бар деген жауап естісе, «орнында бар оңалар» деп бата береді.
Ер баланы алты жасқа дейін хандай сыйла. Алты жастан он алты жасқа дейін құлша жұмса. Он алты жасқа толғасын досыңдай сырлас, сыйлас деген қазақ халқында нақыл сөзі бар. Ер баланың тәрбиесін неден бастауымыз керек? Бала кезінде ұлдың жұмысы, қыздың шаруасы деп бөлген дұрыс емес. Ата-анасына көмектескісі келсе, қолын қақпау керек. Бала әкені сенімді дос ретінде санайтын болсын. Үлгі тұтатын әке болсаңыз, бала сізге адал дос, қолдаушы болады.
Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы азамат болса, оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой деп мақтайды. Себебі ұлтымыздың ұлдар әкесі немесе атасының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр.
Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оны жақсы тәрбиелей отырып, баласын оқытып, дені сау етіп өсіру, үйленер жасқа келгенде той жасап үйлендіру – қазақ әкелерінің басты міндеттерінің бірі. Қандай ата-ана болсын баласының дұрыс адам болғанын, өзінен артық болғанын қалайды. Бұл – ниет қана. Тәрбие беру барысында қателіктерді болдырмау, жетістікті нәтиже алуда тәрбиенің түрлі әдіс-тәсілдерін қолдануы қажеттігін ата-ана ұғына бермеуі мүмкін.

Н. БАҚЫРАН
Фото: tirshilik-tynysy.kz
---
30 қаңтар 2024 ж. 242 0