Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кіндік шешенің міндеті қандай?

Кіндік шешенің міндеті қандай?

Бала кезімізде тосын мінез көрсете қалсақ анамыздың «Мына қыздың мінезі кіндік шешесіне тартқан. Ол да перзентхананы басына көтеріп жүретін долы әйел еді» десе, менен кейінгі ініме «Мұның кіндік шешесі Раушан деген өте биязы әйел болған. Балам соған тартқан» деп отыратын. Біз ол кезде адам мінезінің кіндік шешеге соншалықты ұқсап кететініне таңғалып, өзіміздің кіндік шешеміз туралы анамыздан басқа да ақпараттарды сұраушы едік. Расында кіндік шеше деген кім? Және оның атқаратын міндеті қандай екендігін бүгін зерделеп көрдім.
Ертеректе «Кіндік шеше» деп нәресте шыр етіп дүниеге келгеннен кейін оның кіндігін кесетін әйелді айтқан. Ол кезде әйелдерді үйде тәжірибелі аналар босандырып алатын болған. Кейіннен әйелдер медицина дамып, перзентханада босанған шақта баланың өмірге келуі сәтінде қасында болған дәрігер кіндік анасы болды. Ал қазір біз сәбиді перзентханадан алып шыққан адамды «кіндік шеше» деп жүрміз. Әйтпесе қазір баланың кіндігін кесу мамандардың меншігіндегі іс қой. Кейбіреулер перзентханаға алдын ала сайланған кіндік анасын ертіп келіп, дәрігерлерге өтініш айтып, баланың кіндігін сол адамға кестіріп жататындары да бар. Бұл да кіндік шешенің мойнына артылған үлкен жауапкершілік.
Кезінде үлкендер кімнің кіндік шеше болатынына ерекше маңыз беріп және оның мәртебесін қашан да арттырып отырған екен. Осынау адам өміріндегі кіндік әке-шеше ретінде өз балаларын аяғынан нық тұрғызып, жақсы тәрбие берген, ел ішінде аса қадірлі жандар таңдалған. Ол адамның байлығына емес, рухани мәдениеттілігіне, табиғи шынайылығына, қара қылды қақ жаратын әділ болуына қарап қатты мән берген. Тіпті кешегі күнге дейін баланың кіндік шешесін оның анасы емес, әжесі таңдап берген. Өйткені жас келін шынында да сол әулеттегі әйелдерді терең танып-білмеген. Көпті көрген ақ жаулықты ана ел ішінде абыройы үстем, жайсаң, іскер, пысық әйелдерді жақсы танып-білгендіктен немересінің келешегі, болашағы үшін алаңдап, таңдауды өз қолына алған.
«Бала кіндік шешеге тартады» деп бекер айтпайды. Өйткені шыр етіп жарық дүниеге келген баланың жалаңаш тәнін қолымен ұстап тұрып, кіндігін кесу арқылы әрбір адамның бойында болатын биоөріс пен адам бойындағы қасиеттер белгілі бір мөлшерде балаға беріледі. Бала да оны бірден қабылдайды. Сондықтан баланың ата-анасына, ата-әжесіне тартпаған кейбір мінездері міндетті түрде кіндік шешесіне тартады. «Ол пәленшенің кіндік баласы ғой, мінезін қарашы, аумай қалған кіндік шешесінен» дегенді естіп жататынымыз да сондықтан. Сол себепті бала кіндік кескен адамға тартады, кіндік анасы қандай болса, бала да дәл сондай болады деп ырымдаған. Яғни баланың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, ақылы, адамгершілігі, еңбекқорлығы кіндік шешеге тартып, келешекте елге сыйлы болады деп сенген.
Бала шыр етіп өмір есігін ашқанда алдымен кіндік анасын көреді. Сондықтан кіндік шеше бала үшін екінші ана ретінде қарастырылады. Жас босанған ананың босаған буыны қалпына келгенше баланы күтіп-баптау кіндік шешесінің міндетіне кіретін болған. Яғни оны жуындырып, аяқ-қолын сылап, созу, жас анаға көмек көрсету кіндік шешенің атқаратын қызметі делінеді. Балаға қатысты өткізілетін қырқынан шығарудан бастап, қыздың тұрмысқа шығып, ұлдың үйлену тойына дейінгі барлық игі шаралардың басы-қасында кіндік шеше қадірлі тұлға болған. Осылайша балаға екі жақтан берілген тәрбие мен жасалған қамқорлық оның тұлға болып қалуыптасуында үлкен рөл атқаратын болған. Әрбір іске осындай даналық сіңірген қазақтың кейбір салт-сана, әдет-ғұрпына қайран қалмау мүмкін емес. Осындай даналықтың арқасында қазақ деген ұлтымыз ұлылығымен танылып келеді.
Н. БАҚЫРАН
11 қазан 2023 ж. 406 0