Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ырым-тыйымдар – тәрбие негізі

Ырым-тыйымдар – тәрбие негізі

Қазақ халқы ырым-тыйым арқылы ұрпақ тәрбиелеп, ата салтын жаңғыртып отырған. Халқымызда ыдыс-аяқ, тұрмыстық жабдықтарға қатысты салт-дәстүр мен ырымдар жетерлік. Ежелден жалғасып келе жатқан халықтың қағидасын қалт жібермей орындайтындар қазір де арамызда бар. Дей тұрғанмен, бүгінде заман ағымынан қалыспауға тырысқан жандар бұл күні ондай ырымдардан қол үзіп қалуда.
Жақында бір құрбыма кезіктім. Ол өзінің жуырда немерелі болғанын айтып, қуанышымен бөлісті. Балалары есейіп кеткендіктен жаңа туған сәбиге қараудан қолы шығып кеткенін айта келе, осы шілде су дегенді білесің бе деген сауалын қойды. Мен ертеректе анамнан естігенімді айтып бердім. Сәби дүниеге келгендегі ана құрсағында өскен шашын қарын шаш дейді. Ол бала қырқынан шыққан кезде алынады. Қырқынан шыққанда өткір ұстарамен қарын шашты алады да, ішіне күміс жүзік, алқа, теңге салынған суға басын жуады. Оны "шілде суы" деп атайтын болған. Осы шілде судан құйып алып, сақтап қояды екен. Оны бала денесіне бөріткен шыққан кезде пайдаланып, жуатын болған. Сонда бала тез жазылады деген ырым бар екен. Ал күмістің бактерияларды, микробтарды жоятын қасиеті болғандықтан, көз тиюден, уланудан сақтайды деп ырымдайды. Шілде суына салған заттарды "кейін жомарт азамат болсын" деп ырымдап таласып алатын болған.
Осындайда қазақтың наным-сеніміне таңғалады екенсің. Бала кезімде әжемнің келіндеріне айтып отыратын ырымдарды еске түсіруді жөн көрдім.  Қалжа жемеген ананың баласы ынжық болады. Сонымен бірге жас босанған анаға суық су немесе суық тамақ ішкізбейді, суық суға жуындырмайды. Итке "шық" деп айтқызбайды, айтса тісі түсіп қалады деп ырымдаған.Аяғын жылы ұстатып, әр күні қой сорпасымен "шілде терін" шығаратын болған. Себебі қалжа жемеген ананың баласы нашар, ынжық болады деген.Әрине, дұрыс тамақтанбаса, денсаулығын күте алмаса, жас босанған ана мен оның сәбиінің денсаулығына әсер ететінін осы ырымдар арқылы көрсетсе керек.Жеңілтек болады деп қыз баланы қырқынан ерте шығармайды. Сосын ана баланы дәретсіз емізбейді әрі емшектегі баласы бар әйел жалаңбас баласын емізбеу керектігін айтып отыратын. Жалаңбас отырса, шайтан қайызғағын сәбидің аузына салып жібереді деп ырымдаған. Сонымен бірге сәбидің кіндік жолын елге сыйлы, ел арасында абыройлы, жақсы адамға ырымдап кестіреді. Бала өскенде сол "кіндік шешесіне" тартады деп ырымдайтын болған. Кесіп алынған кіндікті таза жерге көмген. Ұл баланың кіндігін жеті қырдан асырып көметін болған. Ал қыздың кіндігін үйге көмген. Ұл бала "үйде туып, түзде өледі", "қыз бала ошақтың ұйытқысы болсын, кіндігі туған жерге байлансын" деп ырымдаған. Ал бүгінде кіндік перзентханада кесілгенімен де, "кіндік жолын" беру арқылы бұл ырым-наным жүзеге асып келеді.
Сондай-ақ халық ұғымында ашық қалған асты жын-шайтан жалап кетеді деп санайды. Сонымен бірге ыдыстың беті ашық қалса, улы жәндіктер түсіп кетіп, су не  тағам ішуге жарамсыз болады деген де пайым бар. Құдайы ас беру кезінде көршіден алынған қазанды бос қайтармайды. Бос қайтару көңілі дархан бабалар ұғымында дым көрмегендікке баланған. Сосын қазанды ашық қалдыруға не төңкеруге де болмайды делінген. Қазанды төңкеруді шаңырақ қаңырағанын, ол отбасыдан ешкім аман қалмағанын білдірген екен. Сондай-ақ ошақты, ыдысты аттамауды бала-шағаның құлағына құйып отырған.
Жаман ырым болмайды. Ырымдай алмайтын адам болады, жақсы ниеттен туған жақсы амал есептелетін ырымшылдық таза сенімге жетелеп, рухани тегімізге жақындататыны анық. Бәлкім, бұл бір жағынан ырым-тыйымға толы жоралғылардың да астарында біз білмейтін бір тылсым бар шығар. Екінші жағынан, оны тәрбиелік мәні зор өсиет деуге де болатын тәрізді.

К. МАХСҰТ
27 тамыз 2022 ж. 1 444 0