Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бос бесікті тербетпе

Бос бесікті тербетпе

Қазақ халқының салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпы мен тұрмысында ырым-тыйымдар мен наным-сенімдер көп. Сондай-ақ ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударатын ұлтымыз сәбиді сан түрлі қатерден қорғау үшін, оны жат әдеттерден аулақ, болашағы жарқын болсын деген үмітпен ырым-тыйымдарды ұстанған. Мәселен, бала тербететін бір бесіктің өзінде «бос бесікті тербетпе, оны саудалама, бетін ашық қалдырма» деген ырымдар бар. Этнограф Болат Бопайұлы бала дүниеге келгеннен бастап есте сақтау қажет ырым-тыйымдарды атап өткен.

Халқымызда ежелгі заманнан отбасы, бала, туған жер тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. «Отан отбасынан басталады» деп, ұрпағын мақтан еткен. Баланың дені сау болса, ертеңі жарқын болады деп есептеген. Сәби дүниеге келген күннен бастап бесікке салу, ат қою, шілдехана, тұсаукесу, баланы атқа мінгізу, тілашар, тымаққа салу, тұлым қою және басқа да көптеген балаларға арналған кәде, ырымды ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келген.
Этнограф маманның айтуынша, қазақ халқы «Бесіктегі бала бес түлейді» деп бесікті киелі санаған. Наным-сенімдерде бос бесікке ібіліс баласын жатқызады немесе жылан салып қояды, сондықтан бос бесікті тербетуге болмайды, оның бетін әрдайым жауып жүру керек делінген. Қазақта «Тал бесіктен жер бесікке» деген сөз бар.
Халқымызда бос бесікті тербетпейді, бейуақытта оны далаға қоймайды, бесікті арша, адыраспанмен аластағаннан кейін ғана баланы салады. Сәбиді пәле-жаладан аман болсын деп бесіктің басына қайшы, пышақ, қамшы жастап та қоятын болған. Бала есейгенде бесікті далаға тастамаған.
Сонымен бірге баланың қарын шашын киелі тұмар ретінде алып, сәбидің мойнына байлайды. Өйткені баланың қырық күнге дейінгі шашы киелі саналған. Сондықтан оны кез келген жерге тастамай, бала бәйтеректей болып өссін деп биік шыңның, шидің түбіне, таза жерге көмген. Ұл баланың кіндігін кескенде де батыр, палуан, ел қорғайтын ер болсын деп аттың жалына байлаған. Ал қыз баланікін ата-ана, жарына адал болсын деп от басы, ошақ қасына көмген. «Қызға қырық үйден тыйым» дейтін ырымдар осыдан бастау алады.
Қазақта бала тәрбиесіне әсер ететін ырымдар өте көп. Сондықтан жаңа туған бала қырқынан шыққанға дейін қасынан күні-түні адам үзілмеген. Үйде баланы бесікке бөлеп жалғыз қалдырып кетпеген, себебі бала қырқынан шыққанға дейін екі өмір арасында жатады, 40 күн өткеннен кейін бір күн тұзға, бір күн сабын суға салып, баланың етін үйретеді. Осылайша сәбидің дамуына ырымдар жасаған.
Халқымыз баланың құлағына үнемі баталы, өсиет сөз айтып, керемет көркем көріністерді көрсетіп отырған. Баланы тіл-көзден де мұқият қорғаған. Қазақ баланы сәби кезінен үлкен отағасы етіп өсіруге, тәрбие беруге ұмтылған. Олардың еңбегі былқылдап тұрады, сондықтан оны баспайды. Еңбегін басса кейін мінезі жаман болып кетеді, өміріне қауіп төнеді деп қараған.
Қазақта қырық күн баланы періштелер күзетеді» деген жақсы ырым бар. Ал жуылған киімін кешке қарай жұлдызға шалдырмаған, өйткені бала түнде шошып оянады, жазылмас ауруға шалдығады деп ойлаған.
Халқымыз балалардың әрбір қылық-қимылына қарап болжам да жасаған. Жаңа туған сәбиге ат қойғанда да өте жақсы, мағыналы есімдер қоюға тырысқан. Ол жаман болса, бала атына заты сай болмай қалады деген бар. Осы ырымның барлығы күні бүгінге дейін әр шаңырақта жалғасын тауып келеді.
Кіршіксіз, жаны да, тәні де таза нәрестенің жайлы төсегі болып саналатын бесік – қасиетті де құтты мүлік. Әр үйде үлкендері ырымдап, ата-әкелерінен қалған деп қадірлейтіні соншалық, баласын сол бесікке бөлейді, сол бесіктен ержетеді. Бесікті кез келген жерге тастауға болмайды. Егерде бала бөленбеген жағдайда, оны биіктеу жерге алып қою керек. Ата-бабаларымыз нәрестені тіл-көзден сақтайды деген үмітпен бесіктің басына үкі таққан. Бұл ырым-тыйымдар – ескірмеген, жаңғырған жақсы салттарымыз.
Дайындаған К. Махсұт
16 қаңтар 2021 ж. 1 743 0