Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Еңбек адамы – ел мақтанышы

Еңбек адамы – ел мақтанышы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз еңбек адамы дегеніміз кім екенін пайымдап, «бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы — бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын.
Иә, бүгінде біздің түсінікте белгілі бір дәрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адамдарды ғана еңбек адамы деп қарайтын секілдіміз. Ал шын мәнісінде қызметі көзге көрінбейтін, халық арасында қаншама жандар бар. Олардың да істеп жүргені еңбек. Тек бір адамдарда ми еңбегі, ой еңбегі басым болса, енді біреулері керісінше физикалық тұрғыдан көп қимылдап, күннің ыстығы мен суығына қарамай еңбек етіп жүреді.
Бүгінгі кейіпкеріміз Зиғаш Әмірәліқызы 1964 жылы Сексеуіл кентінде дүниеге келген. Зиғаш апай 4 жасқа толғанда отбасы әкесінің жұмыс бабына байланысты Арал қаласына қоныс аударады. 1971 жылы №213 сегізжылдық мектептің табалдырығын аттайды. Кейін №177 қазақ орта мектебіне барып, 1981 жылы түлек атанады. Жастайынан еңбекке араласқан қыз 1983 жылға дейін Арал қаласында түрлі жұмыстар істейді. Сол жылы ғана Ақтөбе қаласындағы теміржол саласының техникумына оқуға түседі.
– 1986 жылға дейін, яғни 3 жыл Ақтөбе қаласында қазіргі мамандығым бойынша білім алдым. Жалпы өзімнің атам осы теміржол саласында қызмет еткен кісі. Жол монтері болып қызмет етіп, еңбегінің зейнетін көрген жан. Және нағашыларым да бүгінге дейін Сексеуіл кентінде шойынжолда жұмыс істейді. Менің мамандық таңдауыма сол кісілердің ықпалы болды десем болады.
1986 жылдың шілде айында алғашқы еңбек жолымды «Арал теңізі» станциясында орталықтандыру бекетінде кезекші болып бастадым. Бірнеше айдан кейін жұмысымды жүк қабылдаушы-жүк тапсырушы ретінде ауыстырдым. Онда 2 жыл жұмыс істеп, 1988 жылдан қазірге дейін станцияда жүк жөнелту кассирі болып жұмыс жасап келемін. Уақыт деген қазір-ақ қой. Биылғы жылы 38 жылдық еңбек өтілі бар маман болыппын, – деп Зиғаш Әмірәліқызы еңбек жолы туралы еске алды.
Иә, қандай мамандық иесі болмасын, өз ісінің майталманы болу – мақсаты. Ол ізденуді, оқуды, маңдай тер төгуді қажет етеді. Және адал еңбек еткен жанның еңбегі еленіп, түрлі жетістікке, марапатқа, құрметке лайық болатыны сөзсіз.
– 22 жасымда жұмысқа тұрдым. Алғаш «бала» болып сатнцияға келгенімде көп нәрсені білмедім, практикалық сауаттылығымыз аз болды. Сонда үлкен ағай-апайларымыздың ізінде жүріп, көп нәрсені үйрендік. Одан жаман болдым дей алмаймын. Бүгінге дейін Қызылорда облысының, Арал ауданының бөлімшелерінің Алғыс хатымен, Құрмет грамоталарымен марапатталдым. Соның бәрін тек ізденіс пен еңбектің арқасы деп білемін. Мені қолдаған барша ұжымдастарыма рақмет айтамын және мереке қарсаңында барша Теміржол саласының қызметкерлеріне тек сәттілік тілеймін, – деп Зиғаш Кусупова ақ тілегін жеткізді.
Ел Президенті айтпақшы, «Бірінші маңызды мәселе, біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету». Сондықтан барша еңбек адамы қоғамның бар құрметіне лайық.
Гүлмарал САҚТАПОВА
---
05 тамыз 2024 ж. 92 0