Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамандықтың төресі – ұстаздық

Мамандықтың төресі – ұстаздық

Мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. Ұстаздар жа¬йында Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды сондай ардақтауға міндеттіміз» деген болатын.
Биылғы мұғалімдер күніне орай аудандағы білім беру саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген, 44 жыл бойы саналы ғұмырын сарп етіп, ұрпаққа сапалы білім беру саласында аянбай еңбек еткен үлкен жүректі, ізгі ниетті жан, тәжірибелі мұғалім, ұстаздардың ұстазы атанған Гүлсім Жақсыбайқызы Еңсепова туралы әңгіме қозғауды жөн көрдік.
Гүлсім Жақсыбайқызы Арал ауданының Сексеуіл кентінде 1962 жылдың 16 маусымында дүниеге келген. 1989 жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ды химия пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Осы мамандықты таңдауына әкесінің ықпалы болса керек. Әкесі Жақсыбай аға Сексеуіл кентіндегі тарихи алғашқы білім ордасының бірі, қазіргі №87 орта мектебінде барлық саналы ғұмырын халыққа білім беру саласына арнаған адал азамат болатын.
Алғашқы еңбек жолын іргелі білім ордасы №87 орта мектебінде бастаған Гүлсім апай қазіргі таңда кенттегі жаңа оқу ордасы №283 орта мектебінде химия пәнінің мұғалімі болып ұстаздық етуде. Ұзақ жылдар химия-биология пәні бірлестігінде бірлестік жетекшісі қызметін атқарып, жас ұстаздарға білімі мен біліктілігін танытып, жол көрсетіп келеді. Ұзақ жылдық педагогикалық тәжірибесі бар педагог-зерттеуші жаңа оқу ордасында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін де адал атқарып келеді. Ұжым мүшелерінің кәсіподақ ұйымы атына келіп түскен өтініштері мен мұқтаждықтарын орындауды өзіне міндет санаған жан. Ұжымда өткізілетін түрлі іс-шараларда Гүлсім Жақсыбайқызының үлесі зор деп айтуға болады.
Ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған әр адамның бойында үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбек ету қасиеттері болуы шарт. Ал Гүлсім апай сан мыңдаған шәкірт пен жас мамандарды тәрбиелеуде өз бақытын еңбектен тапқан ұлағатты ұстаз. Ұстаздың алдынан өткен шәкірттерінің бірі кенттегі емханада дәрігер болса, енді бірі ұстазы секілді арнайы оқу орны мен мектептерде мұғалімдік қызметте. Ал енді бір шәкірттері еліміздің түрлі өндіріс орындарда адал қызмет атқарып жүр. Осы тұрғыда әріптесі Қазына Мектеева:
– Еңбек жолында талай шәкірттің қанатын қомдап, қияға ұшырған ұстаз талапшылдығымен көпке үлгі бола білуде. Үнемі ізденіс үстінде жүретін апай жас мамандарға ақыл-кеңесін айтып, үнемі жол көрсетіп отырады. Жаңашылдыққа жаны құмар. Осындай ұлағатты ұстаздың берген тәлім-тәрбиесі мен ақыл-кеңесі қаншама баланың өмір жолына пайдасын тигізгені анық. Өйткені адам қандай дарынды болмасын, бұл өмірде көп дүние алған тәрбиеге байланысты. Апайдың жеткен жетістіктері де жетіп артылады. Білікті әрі білімді ұстаздың білім саласын жандандыруға қосқан өлшеусіз еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Алған мақтау-марапат, алғыс ¬ хаттары өз алдына бір төбе, –дейді ағынан жарыла.
Міне, осындай аса жауапты қызметпен аналық парызын қатар өтей білген жан өзінің өмірлік жары – Бақберген ағамен 30 жыл отасып, 2 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірді. Ата-анасының сүйіспеншілігіне, қамқорлығы мен мейіріміне мейлінше қанық болып өскен, тәлім-тәрбие алған балалары бүгінде өмірден өз орындарын тапқан.
Елдің дамуы оның білім беру жүйесі арқылы бағаланатыны белгілі. Себебі¬ әр мемлекеттің ең бас¬¬ты байлығы адам болса, сол адамды маман қылып шығаратын, шынықтыратын мектеп. Сол себепті де Гүлсім Жақсыбайқызының еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп, ел үмітін ақтайтын білікті де білімді шәкірттерді дайындау жолында сіңірген еңбегі өлшеусіз. Осындай жандар еліміздің болашағына жарқын жол салып, келесі ұрпаққа өнеге болатынына кәміл сенеміз.
Ермек Нұрманова,
№283 орта мектебінің мұғалімі
01 қазан 2022 ж. 670 0