Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ардагер ұстаз

Ардагер ұстаз

Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, халық өзінің үміті мол болашағын тапсырытын сенімді өкілі. Олар сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелейді. Менің сондай ұстазым – Аманжол Жолмағамбетов.
«Жарқ еткен алмастың жүзіндей» дейтін әдемі бір теңеу бар.  Таңдандыратын, риза қылатын, еріксіз назар аудартатын алабөтен құбылыс осылай суреттеледі. Тағы бір анық: адамның өзгелерге ұқсамайтын болмыс қасиетін көрсететін өлшемдіде осы сөз тіркесімен әспеттеп жатамыз. Шыны сол, Аманжол аға – жүрегі гармония мен үйлесімділікке толы азамат. Оның келбеті кез келген адамды  өзіне ерекше тартып әкететіні – осы гармонияны жүрекке қондырып тұрған көңіл гравитациясы атты құдіретті күштің қонақтай алғаны.
Аманжол ағаның өмір  жолына назар аударсам, ілкі сәтте осындай ойға қалатынымрас. Ол халықтың тамыр соғысын тап басатын шолғыншыдай атқа қонатын азамат екені –ақиқат іс. Ол–шабыттың үркек көгін қамшылаған ортада мүлде басқаша жолды қалаған тұлға. Ол Абайша айтқанда,  «жүрек – теңіз, қызықтың бәрі асыл тас» деп, тіршілікте кездесетін астарлы, көмескілеу тұстарға, басқа біреу мән бере бермейтін құпиясы мол түйткілдерге тура шауып, қиядан қызыл көрген түлкідей өзінің адамдық бастауында бала тәрбиелеу секілді жауапкершілігі мол істі таңдап алды. «Жарқ еткен алмастың жүзіндей» деп отырғаным сол. Еліміздің ертеңін ойлар білімді де саналы, Отанын, туған жерін, ұлтын сүйетін ұлтжанды парасатты азаматты тәрбиелеуде Аманжол ағайдың еңбегі орасан зор болғанын Арал қаласындағы №13 Т.Г.Шевченко атындағы мектептен білім алған талай ұрпақ мойындайтыны сөзсіз. Осы білім ошағында отыз жыл тапжылмай еңбек еткен Аманжол Жолмағамбетовтің алдын мыңдаған шәкірт көргені күмән тудырмайды.
Қазір қарап отырсам, Аманжол ағайымыз бізге ұстаз болған жылдары отызға да толмаған жас жігіт екен-ау! Сол кезде бізге әулиедей көрінетін. Орда бұзатын отыз жасында бізді өмірге үйретті. Аманжол аға бізге еңбек сабағынан дәріс оқыды. Бала кезде бұл пәнге мән бермейтінбіз. Ал қазір... Пән атаулының ішіндегі ең төресі осы екеніне күмәнім аз.  Бізді еңбек етуге баулыған ұстаздың жөні бөлек болады да тұрады.
Иә, шын мәнінде Аманжол аға бізді еңбек етуге үйретті. Ер болуға үйретті. Адам болуға үйретті. Басқа мұғалімдерге қарағанда аузын ашса, жүрегі көрінетін аңқылдап қалған азамат жас та болса көшелі кісідей көрінетін. Өйткені, сол кездің өзінде аталы сөз айтып отыратын. Сабақты өмірлік философиямен сабақтастыра білетін. Сол арқылы бізді өмірдің мәнін зерттеуге үйреткені де рас. 
Аманжол аға бұл күндері сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Бала кезімізде мән бермеген нәрселерге енді көзім жеткендей. Аманжол аға өткен жылы «Жиған-терген» деп аталатын 500 бетке жуық қалың кітап құрастырып шығарды. Сонда байқадым, Аманжол аға менің Аралдағы абызым екен. Тәлім-тәрбиенің өзегіне айналған кестелі ойларды өмір бойы жинақтап өткен Аманжол аға сол арқылы өзі де өсіп отырған. Небір ғұламаларды оқып ғана қоймай, соларды ойына тоқып жүрген. Сол тереңнен сыр шертетін тосын ойлардан сабақ алып, абыздықтың ауылына ат басын тіреген екен. Қандай ғажап! Қазіргі құндылықтар өзгеріп жатқан мына заманда келешек ұрпақтың қамы үшін инемен құдық қазғандай ұланғайыр іс тындырыпты Аманжол аға. Осыдан кейін «Аралдағы абызым» деп айтпай көр?!
Аға ұрпақтың қаранарындай Аманжол ағамның «Жиған-терген» атты кітабы қажырлы, байсалды, толымды дүниелерімен елең еткізеді. Тәуелсіздіктің жемісін, халқымыздың жеңісін  паш ететін, еліміздің әлем өркениетінің керуеніндегі орнын, мерейі өскен қазақтың шаттығы мен қуанышын баяндайтын салиқалы еңбектер кез келген адамның жан сарайын ашатыны сөзсіз.
Кітапқа үңілсеңіз, Аманжол ағайдың мақсат-мұратын жазбай танисыз. Ол – жаңа Қазақстанның әр қадамын, әр биігін, әр белесін жүрегінен өткізіп, зерделі  ойдың тұнығымен әрлендіріп,  адамдарға, әсіресе, жастардың бойына Отанымызды, туған жерді қастерлеу, аялау сезімдерін сіңіретін соны еңбек ұсыну. Мен осылай түсіндім. Бұған қалам ұстаған ағайындар да, оқырмандар да қапысыз сенетіні сөзсіз. Өйткені, оның кеудесінде жанартаудай бұғып жатқан кесек-кесек айтылмаған соны ойлардың алғышартындай көрінген осы кітап менің Аманжол ағама деген үкілі үмітімді үрлей түсті.
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде Аманжол ағайдың еңбегі шынында да зор болды. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде біздің санамызда жатталып қалғаны даусыз.
Сөзі маржан, үні ән Аманжол аға сияқты ұстазымның бар болғанын мақтаныш етемін. Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Ұстаздардың әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, әкелік сезімнің, дана ойдың ыстық лебі есіп тұратын. Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!Аманжол аға –дәл осындай жан.
Халық батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген сөзі Аманжол ағайды ылғи еске салып отыратыны рас.
Аманжол аға бізге ата-анамыздан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам болды.
Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деген Аманжол ағамның  жөні де, жолы да бөлек. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін уақыт өткен сайын мойындайсың.
Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – Ұстаз! Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. Мен үшін сондай жан өмір бойы Аманжол аға болып қалатыны сөзсіз.
Кез келген адамның қиялына қанат байлайтын, шарықтатып шырқау көкке шығаратын қасиетті бір дүние – ол туған жердің топырағы, өскен ортасы. Әрбір адамның адастырмас темірқазығы, айналып келетін кіндік қаны байланған от ортасы – ол табанының мөрі басылған туған топырағы. Осы киелі Арал өңірінің өсіп-өркендеуіне өзінің азаматтық ұстанымымен және абызға тән белсенділігімен әлі де еңбек сіңіріп келе жатқан Аманжол ағаны қалай мақтасақ та жарасады.
Өр рухты, өміршең өлке Арал перзентінің  жан-жүрегінде бала кезінде лып етіп тұтанған білте шамның жарығындай әлсіз ғана сәуленің бүгін әр шәкіртінің бойына жылу шашып тұратын алаулы жарыққа ұласуының сыры осында болса керек.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ,
публицист-жазушы,
Халықаралық Ақпараттандыру
академиясының академигі.
25 желтоқсан 2021 ж. 3 245 0