Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайраткер мүсіні тұғырға қонды

Қайраткер мүсіні тұғырға қонды

Қазақта «ер жігіт туған жеріне» деген жақсы бір тәмсіл бар. Сөздің қадір-қасиетін ертеден білген қазақ ұлты бұл сөзді де тегін айтпаса керек-ті. Жалпы, сөзіне берік, ісіне жауаптылықпен қарайтын азаматты ғана бізде ер деп атаған. Ал ол атаққа ие болу үшін де елге, жерге қызмет ету азаматтық міндеті екені айтпаса да түсінікті емес пе?! Сондықтан мен елі үшін еңбегі зор, қашан да Аралдың тілектесі, қолдаушысы бола білген мемлекет қайраткері Ұзақбай Қарамановты ел үшін туған азамат деп анық айтар едім.
Сөзімді әріден бастайын. Тәуелсіз Қазақ КСР-нің Премьер-министрі болған Ұзақбай Қараманұлы мұнан бөлек көптеген қызметті абыроймен атқара білген жан. Мұнысын ел жақсы біледі. Сол еңбегінің нәтижесінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. 2004 жылдың 26 қыркүйегінде мен ҚР Парламенті Мәжілісіне үміткер Ұзақбай Қарамановтың сенімді өкілі ретінде тіркеліп, расында мақтан тұтарлық жұмысын ел арасында кеңінен насихаттадым. Бірақ менің айтпағым бұл емес.
Қашан да халыққа, елге болсын деп жүрген жандардың бірімін. Сол жылдары қаланың тазалығын жақсарту жайы ақсап тұрды. Әрине, бұл жұмыстың жоқтығынан емес. Жұмыс жасаушылардың қолының қысқалығынан еді. Елдің мұңын жоғарыға жеткізуді өзіме міндет санап, Ұзекеңе хат жолдадым. Хаттың мазмұны да жоғарыда аталған тазалық жайында болды. Қазіргі «Арал тынысы» мекемесінің ол кездегі атауы коммуналдық шаруашылық мекемесі болатын. Сондағы техникалардың жай-күйін, жарамсыздығын, жетіспейтінін хатқа қосып, осыған көмектесуге өтініш жасадым. Көп ұзамай жауап хат қолыма тиді. Қай уақытта да туған жерін жүрегінде сақтайтын азамат бұл мәселенің оң шешім табатынын айтып жіберіпті.
Міне, осылайша Арал теңізін құтқару қоры есебінен аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесіне 1 тиегіш трактор мен ГАЗ-53 жүк көлігі және темірді қыздырып желімдеу (сварка) аппараты берілді.
Осындай азаматтың есімін ұлықтап, білім ошағына атын беру, бюст қою – құптарлық бастама. Жарқын іске ұйытқы бола білген облыс, аудан басшыларына ел алғысы ерекше. Сөнбес сәулеге айналған тұлға мүсінінің тұғырға қонғаны көптен күткен жаңалық еді. Өйткені Ұзекеңнің Аралдың көркеюіне, дамуына қосқан еңбегі өлшеусіз.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
ардагер ұстаз
09 қыркүйек 2020 ж. 890 0