Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел азаматтарының еңбегі

Ел азаматтарының еңбегі

Ауданның тынысы, әркез жақсылықтардың жаршысы болып жүрген 90 жылдық тарихы бар «Толқын» басылымы–әрбір аралдықтың асыға күтіп отыратын газеті. Мен де көп жылдардан бергі оқырман ретінде аудан көлемінде атқарылып жатқан игі істердің куәсі болып, «Толқын тыңдап тұр» айдары арқылы елдегі жасалған жұмыстардың басында жүрген азаматтарды атамай, үнсіз қала алмадым.
Қазақта «баталы ел арымас» деген сөз бар. Осы бір ауыз сөздің өзі кім-кімнің де адамдық борышын айқындап тұрғандай. Аталы сөздің астарына үңіле отырып, туған жеріне, ауылына адал қызмет етіп, барша халықтың ықыласына бөленіп, ақ батасын алып отырған Жаңақұрылыстағы «Әулие төбе» шаруа қожалығының төрағасы Амангелді Есімовті ерекше атап өтер едім. Бүкіл бір ауылдың тазалығына, өзге де қоғамдық жұмыстарына белсене атсалысып, арнайы техникалармен де көмек жасады. «Тазалық табалдырықтан басталады» дегенді ұстаным еткен жан ауылдың тазалығымен қатар, көршілес Қарашалаң ауылына да шұңқыр қазып беріп, тазалық маусымы кезінде қолынан келгенін аямай-ақ жүр. «Ауылды азаматына қарап таны» деген осы шығар.
Расымен-ақ, қазақ қашан да азаматтарын құрметтеген елміз. Азаматтарымыз да елі үшін еңбек күшін аяған емес. Осы орайда аудан әкімі М.Оразбаевтың тарапынан атқарылған жұмыстарды да тілге тиек етпеу мүмкін емес. Жаңақұрылыс ауылында мен ес білгелі көше атауы болған емес. Бұл сөзіме барлығы куә болар деймін. Ал қазірде аудан басшысының бастамасымен ауыл көшелеріне атау беріп, нөмірленді.
Бір қараған жанға қарапайым ғана дүние болып көрінер. Бірақ, атқарылған іс мәдениеттің деңгейі мен өркениеттің өрісін анық көрсететін қадам дер едім.
Бұл ілкімді істердің бір парасы ғана. Жақсы жаңалығы мен көңілге қонымды істері арқылы жұртшылықтың алғысына бөленіп жүрген жандар жетерлік. Біз сондай азаматтармен мақтанамыз.
С. Шалбаев
10 маусым 2019 ж. 939 0