Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » САНАНЫҢ ТАЗАЛЫҒЫ ҚАЖЕТ-АҚ

САНАНЫҢ ТАЗАЛЫҒЫ ҚАЖЕТ-АҚ

Дана халқымыз «Тазалық – саулық кепілі» демекші күн санап кемел келешекке құлаш сермеп, көркейіп келе жатқан өңіріміздің ажары оның тазалығына да тікелей байланысты. Ал тазалық пен ұқыптылық әрбір адамның туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етері хақ. Сондықтан да тазалық - қоғамдағы маңызы зор мәселе болып табылады әрі бұл мәселе қашанда аудан әкімінің назарынан тыс қалған емес.
Осы орайда, күні кеше аудан басшысы М.Оразбаевтың төрағалығымен аудан көлеміндегі тазалық мәселесіне орай арнайы санитарлық штаб отырысы өткізілді. Штаб отырысына дербес бөлім басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Айта кету керек, аудан әкімінің 2018 жылғы 3 наурызындағы № 15-ө/нқ санды өкіміне сәйкес, 2018 жылдың 10 наурызы мен 12 мамыры аралығында аудан елді мекендерінде санитарлық тазалық, көркейту және көгалдандыру екі айлығы жарияланып, осы уақыт аралығында 10 сенбілік ұйымдастырылған. Апта сайын өткен сенбілікке аудан көлемінде 1500-ге жуық адам қатысып, 356 тонна күл-қоқыс шығарылған. Сонымен қатар, 21 сәуір күні «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы ауданымыздада өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, акцияға аясында 4050 түп көшеттер отырғызылды. 
Осылайша, көктемгі тазалық шараларын қысқаша қорытындылаған аудан әкімі одан әрі екі апта көлемінде арнайы құрылған мобильді топтың ықпалымен атқарылған жұмыстар легін және ауданға қарасты ауылдық округтегі тазалық мәселесіне орай аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Сатекееваны тыңдады. 
Ең алдымен хабарлама жасаған А.Сатекеева ауданға қарасы тазалығы көңілге қонымды ауылдық округтар мен елді мекендерді тілге тиек етсе, керісінше бұл мәселені назардан тыс қалдырған кент және ауылдық округтырдегі жағдайды слайд арқылы баяндап өтті. Одан әрі, қала бойынша бес мөлтек ауданға белгіленген топ мүшелері аудан басшысына екі апта көлемінде атқарған жұмыстарының нәтижесін баяндады. Атап өтсек, арнайы мобильді топ мүшелері екі апта көлемінде 16 аудан тұрғынына қала тазалығын сақтамай, белгіленбеген орындарға тұрмыстық қалдықтарды тастау, белгіленбеген орындарда темекі тұқылын тастау сынды деректер бойынша сот шешімімен 8418 теңгені құрайтын айыппұл салса, 2 тұрғын сот шешімімен 1 тәуліктік қамаққа алынған. Сонымен қатар, 34 қала тұрғынына қала аумағының абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін ескерту хаттамалары толтырылған. Ал, тазалық қағидаларын бұзған 4 тұрғынның атынан толтырылған хаттамалар аудандық соттың қарауына жолданған. Осы көрсеткіштерге қарап отырып, аудан жұртшылығының тазалық мәселесіне әлі де болса салғырт қарайтыны өкінішті-ақ. 
Осы аталған мәліметтерді талдаған аудан басшысы жиынға қатысушыларға Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында туған жерімізге, кіндік қанымыз тамып, өсіп-өнген өлкемізге деген құрметпен осы сенбі күні ерікті түрде жұмыла, жаппай сенбілік ұйымдастыруды ұсынды. Бұл ұсыныс бірауыздан қолдау тапты. Сонымен қатар, жиынға қатысқан қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне өздері басқарып отырған аумақтардағы тазалықты мықтап қолға алып, бақылауды күшейтуді тапсырып, нәтижелерін өзі тікелей қадағалайтындығын жеткізді.
Әрине, әрбір тұрғын өз ауласын, әсемдік бағын, көше аумағына жататын өз ауласының тұсын тұрақты тазалықта ұстаса, қаламыз жасыл желеке оранып, көріктеніп, өмір сүруге қолайлы орта қалыптасатыны шындық жағдай. Тазалық тек аудан әкімінің қаулы қабылдауымен немесе көктемгі-күзгі маусымдық уақыттарда ғана атқарылуға тиістілігі қалыптасқан «дәстүр» ретінде қалыптаспауы керек, жыл бойы сақталуы құзырлы органдар тарапынан қадағалануы да керек-ақ. Тазалықты бізге сырттан келіп біреу жасап бермейді, әркім тазалықты өзінен бастаса теңіз төскейінен орын тепкен киелі Арал өлкесі экологиялық жағынан таза, өмір сүруге қолайлы, халқының денсаулығы жақсы, өмір сүру жасы ұзақ болатыны шындық. Ол үшін алдымен әрбіреуіміздің санамыз таза болуы керек.

19 мамыр 2018 ж. 1 301 0