Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Шаш қоюдың астарында не жатыр?

Шаш қоюдың астарында не жатыр?

Халқымызды баланың шашын өсірудің өзіндік заңдылықтары мен қағидалары бар. Айдар қою – ежелгі салтымыздың жалғасы. Бүгінде ата-аналардың көпшілігі балаларына айдар қоятын болған. Бұл – айбарлықтың, қайсарлықтың, күш-қуаттың белгісі іспетті. Сұқ көзден, суық сөзден қорғайды деп білген.
Бұрынғы әжелеріміз жанына жақын, арасынан дара көрген немерелерін қырқынан шыққан соң төбе шашын жіберіп, өсірген. Өскен кезде оған маржан-моншақ қосып өріп қою сән болған. Айдар тағу үрдісін атынан ат үркетін бай-бақуатты отбасылардың балаларынан көптеп кездестіруге болады. Айдары бар балаға жас болса да ерекше қошемет көрсетілген. Ата-тегін сұрап, баталарын беріп отырған. Ертеңгі ел тізгінін ұстайтын елдің азаматы деп сенген. Айдарлы бала басқа балалардан ерекшеленіп, дараланып тұрған. Сырттан келгендер айтпай-ақ ол баланың текті, бақуатты отбасының ұрпағы екенін білген. Сондай-ақ, қазақта ұл баланы зарығып жүріп көргендер де ұлына айдар қойған деседі.
Асылан мен Айгерім тұңғыш ұлдарына айдар шаш қойған. Қазір 6 жастағы Малкайдар Асыланұлының айдар шашын кесетін күн де жақын. Анасының айтуынша бұл рәсімді орындау Малқайдардың нағашысына жүктелмек.
– Негізінен қазақ халқы ежелден ұл балаға айдар, қыз балаға тұлым шаш қоятын болған. Кейінен бұл дәстір азайды. Сол кезде айдар шашты балаларға ерекше назар аударатын еді. Есімін үлкен атамыздың құметіне «Малқайдар» деп қойғанбыз. Ата-әжесі немерелерін тіл-көзден аман, ел сыйлайтын нағыз қазақ батырлары сияқты өр тұлғалы азамат болсын деген ізгі ниетпен айдар шаш қоюды ұйғардық, – дейді анасы Айгерім.
Айдарды ұл баланың нағашы жұртынан елге сыйлы, аузы дуалы, сөзге шешен, озық ойлы кісі кестіреді. Мұның өзіндік астары да бар. Тойға жиналғандардың жақсы қасиеті бойына дарысын, ізгі кісілердің ізін жалғасын, абырой биігінен көрінсін, ел-жұртына айтар сөзі өтімді, қолы батыр, ісі сүйсінерлік болсып деп үлкендерден бата алады.
Тарихи деректерге арқа сүйесек, айдар қою – моңғол, қытай, маньчжур, қалмақ, түрік халықтарына да тән қасиет болған. Сонымен қатар айдар ата-анасы жоқ жетім балаларға, біреудің есігінде жалданып жұмыс істейтіндердің балаларына қойылмаған. Демек айдар қоюдың да өзіндік заңдылықтары мен қағидалары бар.
Міне, балаға шаш қою қазақта көнеден келе жатқан тұрмыстық салт-дәстүрлердің бірі. Ер балаға шаш қоюдың және қыз баланың шашын өсірудің өзіндік әдістерімен ерекшеленген. Айдар шаш қоюдан бөлек, тұлым қою, кекіл және желке шаш қою сынды шаш өсірудің өзіндік түрлері бар. Соған қарай әрқайсысының астары да бар. Мәселен, тұлым қыз балаға қойылады. Қыз баланың тас төбесіне емес, екі шекесіне қойған. Екі уыстай шаш қалдырады – оны тұлым дейді. Қазақта «тұлымы желбіреп, бойжетіп қалыпты, тұлымды қыз» деп айтып жатады. Тұлым шаш та қыз бала 5-6 жасқа толғанда кесіледі.
Бұдан бөлек балаға кекіл қоюдың да өзіндік мәні бар. Халқымызда сәбидің кекіліне періште ұялайды деген ырым бар. Қазақ маңдайы жарқырап тұрған балаға көз тиеді деп түсінген, сондықтан маңдайын жауып тұру үшін кекіл қойған. Кекілді қастан асырмайды, қасқа жеткізбей, қырқып отырған.
Сондай-ақ, қазақта «жетімнің желке шашы» деген ұғым болған. Бала жетім қалғанда оған желке шаш қояды. Халық оның жеті мекенін білуі үшін, оған бір қорғанмен, қамқорлықпен ерекше мән беріп қарау үшін жасайды. Ата-анасы, жанашыр туысы болмаса, тұлдыр жетім екенін білдіру үшін адамдар оған мейіріммен қарауы үшін тұл шаш та қоятын болған.
Әрбір істің астарына терең ұғым сыйдырған халқымыз шаш қоюдың да ерекше мәні мен мағынасы бар екендігін осылай айқындайды. Елімізде айдарлы ұлдар мен тұлымды қыздар көбейсе, санасына салт-дәстүрді дарытқан ұрпағы бар елдің келешегі де кемел болмақ.
Назерке БАҚЫРАН
---
20 тамыз 2024 ж. 132 0