Аймақ басшысы көктем мерекесіне арналған іс-шараға қатысты


Салтанатты іс-шара «Тағдырлар тоғысындағы Ана» театрландырылған хореографиялық қойылымымен ашылды. Күнтізбеге көрік берген, көктемге еріп келген, бар мейірін төгіп келген мерекенің мәні ашылған қойылымға көрермендер қошемет көрсетті.

Аймақ басшысы жиналған жұртшылыққа жүрекжарды лебізін жеткізіп, көңілге көктем сыйлаған жандарға алғысын айтты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әйелдер қауымының отбасындағы, қоғам өміріндегі және мемлекетті жан-жақты дамыту ісіндегі рөлі орасан зор. Қыз-келіншектер өндірісте, шығармашылық жолында, саясат, бизнес және басқа да көптеген салада биік белестерді бағындырып келеді»,– деген болатын. Біздің аналарымыз, аруларымыз тек отбасының береке-бірлігі, ұйытқысы ғана емес, олар қоғамды дамытуға, елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтуға зор үлес қосуда. Аймағымыздың сан алуан саласында белсенді еңбек етіп, ел ырысын арттырған әйел-аналар, Сырдың сұлу арулары – соның дәлелі.

Биыл алғаш рет шұғылалы көктем мерекесі қарсаңында Президентіміз еліне адал қызмет етіп, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен әйелдер қауымын мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың ішінде біздің жерлестеріміз де Астана төрінде Президентіміздің қолынан марапат алды! Барша Сыр жұртшылығының және сіздердің аттарыңыздан шын жүректен құттықтаймыз!» – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шарада аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан сала мамандары мен ардагерлеріне мемлекеттік наградалар, атап айтқанда «Құрмет» ордені, «Шапағат», «Ерен еңбегі үшін», «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медальдары табысталды.

Кеште ҚР еңбек сіңірген әртісі Бақытбек Алпысбаев К.Ахметованың «Қазақ қызы» өлеңін оқып, осы аттас әнді оның авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов пен Мәдениет саласының үздігі Гүлфира Әлиханова орындады.
Аналар мерекесінің көркін ашатын ана, көктем туралы әндер екені белгілі. Іс-шарада облыстық филармонияның аралас хоры, М.Қалауов атындағы өнер мектебінің вокалдық тобы және «Балбұлақ» балалар би ансамблі, филармонияның аспапты квартеті, кеш қонағы, мультиаспапшы Мейрімхан Абдрахманов, тағы басқа ұжымдар өнер көрсетті.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
