Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» МӘМС жүйесіндегі жеке клиникалар: пациент үшін тиімді таңдау

МӘМС жүйесіндегі жеке клиникалар: пациент үшін тиімді таңдау

Қызылорда қаласында жекеменшік медициналық ұйымдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында халыққа бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге белсенді түрде атсалысуда. Солардың бірі – «Али-Нұр Мед» клиникасы. Бұл мекемеге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы ұйымдастырған баспасөз туры барысында тілшілер арнайы барды.
Сенбі күні өткен Ашық есік күні аясында клиника мамандары тіркелген тұрғындарды қабылдады. Қызылордалықтар өздеріне ыңғайлы уақытта дәрігерлердің кеңесін алып, қажетті медициналық тексерулерден өте алды.
Пациенттердің арасында балаларымен бірге келген Лаура Елемесова да болды. Оның айтуынша, отбасының барлық мүшесі осы медициналық ұйымға тіркелген.
«Жұмыс күндері жұмыста болатындықтан, демалыс күні дәрігерлерге қаралу біз үшін өте ыңғайлы. Емханадағықызмет көрсету сапасы ұнайды –  ұзын-сонар кезек жоқ, әрі қажетті медициналық қызметтердің барлығын бір жерден алуға болады. Бұл – МӘМС жүйесі ұсынған жақсы мүмкіндік», – деді Лаура Елемесова.
Бүгінде «Али-Нұр Мед» клиникасына шамамен 5 мың тұрғын тіркелген. Мұнда жалпы практика дәрігерлерімен қатар кардиолог, эндокринолог, хирург, офтальмолог, ревматолог, гастроэнтеролог және басқа да бейінді мамандар қабылдау жүргізеді.
Медициналық ұйым қажетті диагностикалық құрал-жабдықтармен, оның ішінде флюорографиялық және рентгенологиялық зерттеулер жүргізуге арналған жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл тұрғындарға қажетті тексерулерден клиниканың өзінде өтуге мүмкіндік береді.
«Жалпы практика дәрігерлерінен бөлек, бізде әртүрлі бейіндегі мамандар қабылдау жүргізеді. Тіркелген тұрғындар үшін медициналық көмекті барынша қолжетімді етуге тырысамыз. Пациенттеріміздің бізге деген сенімі үшін алғыс айтамыз. Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік», – деді жалпы практика дәрігері Аружан Қосбергенова.
Клиника көрсететін медициналық қызмет түрлерін кезең-кезеңімен кеңейтіп келеді. Егер бұған дейін медициналық ұйым негізінен күндізгі стационар қызметтерін көрсетсе, бүгінде тіркелген тұрғындарға бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсетеді.
2026 жылы «Али-Нұр Мед» клиникасына МӘМС жүйесі аясында медициналық көмек көрсетуге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан шамамен 221 млн теңге қарастырылған.
---
07 қыркүйек 2026 ж. 87 0