МӘМС жүйесі аясында жоспарлы медициналық көмектің қолжетімділігі туралы
Жоспарлы ем алу үшін стационарға жату қиын, ал ауруханаға жолдама кез келген адамға беріле бермейді деген пікір қалыптасқан. Сақтандырылған азаматтардың медициналық көрсетілімдер болған жағдайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында стационарлық жағдайда жоспарлы медициналық көмек алуға құқығы бар.Қызылорда қаласының тұрғыны Сәрсенкүл Ережепова тұрақты түрде жоспарлы ем қабылдап тұрады. №6 қалалық емхананың 65 жастағы пациенті «артериялық гипертензия» диагнозымен диспансерлік есепте тұр және әр алты ай сайын тәулік бойы стационарлық ем қабылдайды.
«Менің қан қысымым жоғары. Көп бейінді облыстық ауруханадан бөлек, жеке клиникаларда да жоспарлы ем аламын. Учаскелік дәрігерім қажетті құжаттарды дайындап, Емдеуге жатқызу бюросының порталы арқылы өтінім береді. Содан кейін стационарда тегін ем аламын. МӘМС жүйесінің арқасында денсаулығым дәрігерлердің тұрақты бақылауында», – дейді Сәрсенкүл Ережепова.
Жоспарлы түрде стационарға жатқызуға жолдаманы қажетті тексерулер жүргізілгеннен кейін және медициналық көрсетілімдер болған жағдайда бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымының маманы береді. Пациент туралы мәліметтер Емдеуге жатқызу бюросының порталына енгізіледі, содан кейін стационар өтінімді қарайды. Стационарға жатқызуға қатысты жауап үш жұмыс күні ішінде беріледі.

«Сақтандырылған пациент медициналық ұйымды тек өз қаласынан ғана емес, Қазақстанның басқа өңірінен де таңдай алатынын атап өткен жөн. Ол үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының медициналық қызметтерді жеткізушілері арасынан таңдау жасауға болады. Бұл пациентке қажетті емді өзіне ыңғайлы жерде және тиісті медициналық мүмкіндіктер бар жерде алуға мүмкіндік береді», – деді №6 қалалық емхананың учаскелік дәрігері Айгүл Мешітбаева.
Қызылорда облысында стационарлық медициналық көмекті 24 медициналық ұйым көрсетеді, оның ішінде 8-і – жекеменшік ұйым. 2026 жылы өңірде стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсетуге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен 54,5 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.









