Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Диагноз: көктемгі өршу

Диагноз: көктемгі өршу

Көктемде созылмалы аурулар күшейеді. Әсіресе, қыстан көктемге дейінгі өтпелі кезең жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға әсер етеді. Сондықтан аурыдын алдын-алу және күндізгі стационарда уақытылы емдеу маңызды. Қызылорда қаласындағы көпбейінді облыстық аурухананың күндізгі стационарында жыл сайын 500-ге жуық жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар ем алады.

Махамбет ауылдық округінің тұрғыны Әлібай Сүлейменов дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Науқаста созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы бар. Жергілікті дәрігердің жолдамасымен бойынша жылда 2-3 рет облыстық аурухананың күндізгі стационарында емделуде.
«Мен «Қазсушар» кәсіпорнында механик болып жұмыс істеймін, 3-ші топтағы мүгедекпім. Маған бірнеше рет жүрекке ота жасалды, елордалық ауруханада электрокардиостимулятор орнатылды. Жыл сайын күндізгі стационарда емделемін. МӘМС жүйесінің арқасында медициналық қызметтердің толық көлемін аламын, дәрі-дәрмектерді де тегін беріледі. Айтпақшы, дәрі - дәрмек бағасын есептесек, ай сайын 20-30 мың теңге үнемдеймін», - дейді Әлібай Сүлейменов.
Облыстық аурухананың кардиолог-дәрігері Бекзат Әлішеровтың айтуынша, стационарды алмастыратын көмек жоспарлы және шұғыл түрде көрсетіледі. Шұғыл көмек дәрігердің жолдамасынсыз көрсетіледі. Жоспарлы түрде науқастын күндізгі стационарға емделуге жолдама, зертханалық, аспаптық зерттеулердің нәтижелері, бейінді мамандардың кеңестері болуы тиіс.
Жыл басынан аймақтың медициналық ұйымдары күндізгі стационар жағдайында 33 642 жағдай бойынша ем-дом көрсетілді. Бұл мақсатқа Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 2,9 млрд.теңге бөлінді.
31 наурыз 2022 ж. 431 0