Буындарды эндопротездеу – МӘМС арқылы тегін

Қызылорда қаласының тұрғыны Айнагүл Қунарова тізе буындарының ауырсынуынан он жыл бойы зардап шеккен. Диагноз - остеоартроз. МӘМС аясында пациентке жоспарлы түрде тізе буынына эндопротездеу отасы жасалды.
– Ауруханаға Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы түстім. Сол аяқтың тізе буыны алмастырылды. Ауырсыну басылды, жағдайым жақсы. Қазір оңалтудан тегін өтіп жатырмын, алда – екінші кезеңі. Баршаға МӘМС жүйесінде сақтандырылуға кеңес беремін, барлық медициналық көмек қолжетімді болады, – деді Айнагүл Қунарова.
Эндопротездеу – ең жиі жасалатын ортопедиялық оталардың бірі. Бұл отада зақымдалған буын жасанды имплантпен алмастырылады. Аталған жоғары технологиялық оталар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен қаржыландырылады.
– Біздің ауруханада жыл сайын МӘМС аясында осындай 100-ге жуық ота жасалады. Бір отаның құны – шамамен 1,6 млн теңге. Отадан кейін пациенттер стационарлық оңалтудан өтеді. Бұл қызметтердің барлығы МӘМС жүйесі арқылы тегін қолжетімді, – деп атап өтті көп бейінді қалалық аурухананың травматолог-дәрігері Еркебұлан Молданазаров.

