Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Туа біткен ақауларды түзету бойынша оталар МӘМС аясында қолжетімді

Туа біткен ақауларды түзету бойынша оталар МӘМС аясында қолжетімді

Қызылорда облыстық балалар ауруханасында төрт айлық балаға зәр шығару жолдарының туа біткен ақауларын жою бойынша күрделі ота сәтті жасалды.Диасқа (аты өзгертілген) ана құрсағында болғанда обструктивті уретерогидронефроз және уретероцеле диагнозы қойылған. Бұл жағдайда несепағар кеңейіп, киста пайда болады, зәрдің ағуын бұзады. Уақтылы ем көрсетілмесе, асқынуға әкелуі мүмкін.
Сәбиге уретроцистонеостомия жасалды. Бұл ота кезінде қуықта жасанды несепағар саңылауы жасалып, зәрдің ағымы қалпына келтіріледі.
— Ұлыма 4 ай. Бір жарым сағатқа созылған ота сәтті өтті. Балалар ауруханасының хирургтарына және барлық медициналық қызметкерлерге кәсіби шеберліктері мен жанашырлықтары үшін шын жүректен алғыс айтамын. 18 жасқа дейінгі балалар МӘМС жүйесінде сақтандырылған, сондықтан жүрек УДЗ, урография, цистография және басқа да қымбат тексерулерден тегін өттік. Ауруханада қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілдік, – дейді анасы Айгерім Ерланқызы.

Дәрігерлердің айтуынша, балаларға жоғары технологиялық медициналық көмектің барлық түрлері қолжетімді. Биыл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қызылорда облыстық балалар ауруханасына шамамен 5 млрд теңге бөлді.
— Бұрын мұндай оталар тек республикалық медициналық ұйымдарда жүргізілді. Қазір біз оларды өзіміздің ауруханада эндовидеохирургиялық жабдықтарды қолданып жасаймыз. Бұл ішкі ағзаларға шағын тіліктер арқылы жасалатын аз инвазиялық оталар, – деп атап өтті облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Әлімжан Төлегенов.
03 маусым 2025 ж. 52 0