МӘМС: кезексіз емхана
Қызылорда облысындағы алғашқы үздік тәжірибе орталығы Шиелі аудандық көп бейінді орталық ауруханасында ашылды. Мақсаты – кезексіз емхана, МӘМС жүйесінде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.
Шиелі кентінің тұрғыны, 3 топтағы мүгедек Айнагүл Маханбетовадан 7 жыл бұрын миында қатерлі ісік анықталған. Отадан кейін 50 жастағы науқас жыл сайын тексеріліп, емделеді.
«2017 жылы ісік жойылды. Сол кезден бастап диспансерлік есепте тұрмын. Міндетті түрде тексеруден өтемін, оның ішінде МРТ. Мен сондай-ақ дәрі-дәрмектерді,оңалту еміналамын. Мұның бәрі МӘМС аясында тегін», - дейді Айнагүл Маханбетова.
Әлеуметтік маңызы, созылмалы аурулары бар пациенттер үздік тәжірибелер орталығының көпсалалы тобының ерекше бақылауында. МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, медициналық көмек барлық тұрғындарға қолжетімді. Жедел медициналық көмек кабинеті бар. Сонымен қатар, мұнда отбасылық денсаулық, ерлер денсаулығы орталықтары, халық кеңестері, медиация кабинеттері жұмыс істейді.
«МӘМС қағидаттарының бірі - мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі. Барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Аудандық ауруханада КТ, УДЗ, эндоскопиялық, лапароскопиялық аппараттар бар, түрлі күрделі оталарды жасаймыз. Келесі жылы МРТ аппаратын орнатуды жоспарлап отырмыз», - деді Шиелі аудандық көп бейінді орталық ауруханасының бас дәрігері Алмас Әбілпатта.
Биыл Шиелі аудандық көп бейінді орталық ауруханасына Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 8,1 млрд теңге бөлінді.