Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС аясында инсульттан кейінгі оңалту

МӘМС аясында инсульттан кейінгі оңалту

Инсульт - бұл жыл сайын әлемде 15 миллион адам шалдығатын қан айналымының бұзылуы. Инсульттан толық қалыпқа келу үшін аурухананың қабырғасында медициналық оңалту маңызды. Сондықтан МӘМС жүйесіндегі басым бағыттардың бірі оңалту болып табылады.

Жаңақорған аудандық көп бейінді орталық ауруханасының нейрореабилитация бөлімшесінде жарақаттан кейін неврологиялық, кардиологиялық аурулары бар науқастар қалпына келтіру емінен өтеді. МӘМС аясында барлық қызметтер тегін көрсетіледі. Емдеу мерзімі - 14-20 күн. Бүгінде мұнда 19 пациент оңалтудан өтуде. Олардың қатарында Айсұлу Омарова бар. Ол үш жыл бұрын инсульт алған. Оңалту емі қалпына келтіруді айтарлықтай жылдамдатты.

«2021 жылы инсульт алдым. Содан бері мұнда жылына 2 рет оңалтудан өтемін. Емделіп, дәрі-дәрмектерді толықтай алып жатырмын. Пациенттер ұшін жағдай, тамақтану жақсы. Қазір денсаулығым бірқалыпты. МӘМС-те мәртебем «сақтандырылған». Барлық талдаулар, диагностикалық қызметтер маған тегін қол жетімді», - дейді Айсұлу Омарова.

Әр пациентпен әртүрлі сала мамандарынан құралған көпсалалы тобы жұмыс істейді. Дәрігерлер атап өткендей, МӘМС аясында оңалту қызметтерін қаржыландырудың ұлғаюымен қалпына келтіру емдеуге арналған құрал-жабдықтардың саны артты.

«Бөлімшеде пациенттер оңалтудың екінші және үшінші кезеңдерінен өтеді. Бұл тәулік бойы және күндізгі стационарлар негізінде оңалту емі. Пациенттерге емдік дене шынықтыру, кинезо -, эрготерапия тағайындаймыз, сондай - ақ олар артромоттарда және басқа тренажерларда жаттығады», - деп атап өтті аурухана дәрігері Мерей Жұмаш.

2024 жылы Қызылорда облысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан медициналық оңалтуға 3,7 млрд. теңге бөлінді, оның 174,2 млн. теңгеден астамы Жаңақорған аудандық көп бейінді орталық ауруханасына берілді.

29 шілде 2024 ж. 284 0