Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС: Қызылорда облысында қалай жүзеге асырылып жатыр?

МӘМС: Қызылорда облысында қалай жүзеге асырылып жатыр?

Қызылорда облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы медициналық ұйымдарға пресс-тур ұйымдастырды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске асырылуымен танысты.
№6 емханада казіргі уақытта тіркеу науқаны белсенді жүріп жатыр. 15 қыркүйектен бастап мұнда 300-ден астам адам емхана таңдау құқығын пайдаланды. Жалпы, аталған емханаға 67,5 мыңға жуық тұрғын тіркелген.
 «Біз КБИ аймағына көштік, сондықтан №6 емханаға орналасуды жөн көрдік. Электрондық үкімет веб-порталы арқылы тіркеу бөліміне жүгініп, ЭЦҚ-мен осы емханаға тіркеді. Мен өтініш жаздым, біздің балаларымызды тіркедім, олар әлі 18 жасқа толмаған. Жұмыс істеймін, МӘМС үшін аударымдар бар, мәртебем «сақтандырылған», дейді қала тұрғыны Марал Бердымағамбетова
Сақтандырылу мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқығы бар.
 «Осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтар бұрын бекітілген емханада қызмет көрсетуді жалғастырады. Жылдың аяғына дейін емхананы тұрғындар бірнеше жағдайда ауыстыра алады. Біріншіден, адамның тұрғылықты жері бір айдан астам уақытқа өзгерсе, екіншіден, емханада қайта ұйымдастыру болса және ол ӘМСҚ – дың қызмет жеткізушілері қатарынан шығып кетсе, тіркеуді ауыстыруға мүмкіндік бар. Бұдан басқа, еліміздің кез келген азаматтың жылына бір рет тұрғылықты жері аймағы бойынша емхананы ауыстыруға құқығы бар. Егер БМСК ұйымында тіркелген адамдар шамадан тыс көп болса, Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен қызмет көрсету аймақтан тыс жерде тұратын азаматқа бұл емханаға тіркелуге бас тартылуы мүмкін. Қолданыстағы нормативтер бойынша жалпы практик дәрігердің учаскесінде 1700 пациенттен артық болмауы тиіс», – дейді № 6 емхананың бас дәрігері Жаннат Қожарипова.
ТМККК шеңберінде шұғыл стационарлық көмек, учаскелік дәрігердің қабылдауы мен кеңесі, профилактикалық екпелер мен скринингтер, паллиативтік көмек, сондай-ақ созылмалы және әлеуметтік мәні бар аурулардың диагностикасы мен емі қолжетімді. Тек туберкулезбен ауыратын науқастарға ТМККК шеңберінде медициналық оңалту қарастырылған.
Жоспарлы ауруханаға жатқызу, бейімді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өтуі және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылуы қажет.
«ТМККК тыс қосымша қызметтер МӘМС пакетіне кіреді. Дәлірек айтқанда, сақтандырылған азаматтар үшін бейінді мамандардың қызметтері, диагностикалық тексерулер (КТ, МРТ, УДЗ), жоғары технологиялық медициналық қызметтер, зертханалық диагностика, күндізгі, тәулік бойы стационар қызметтері, медициналық оңалту және қалпына келтіру емі қолжетімді. Ең бастысы, сізге дәрігердің негізделген жолдамасы қажет. Сақтандырылғандар қатарында азаматтардың 15 жеңілдік санатындағы тұрғындар да бар», – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.
МӘМС шеңберінде барлық сақтандырылған азаматтарға кейінгі кезендегі оңалту қызметтері қолжетімді.
Жеке медициналық бизнес оңалту орталықтарының өсіп келе жатқан сұранысына жауап беруде. Солардың бірі «Q Med» клиникасы. Мұнда жыл басынан бері МӘМС аясында тәулік бойы және күндізгі стационарларда 214 адам қалпына келтіру емінен өтті.
«Мен зейнеткермін, операциядан кейін қалпына келтіру емі керек. Қажетті анализдерды тапсырып, ауруханаға жатқызу бюросының порталына енгізді, 3 күннен кейін емхана «Q med» клиникасына жіберді. Оңалту емды тегін қабылдадым. Физиотерапия, парафин, жаттығу терапиясы, массаж және тағы басқа. Клиника басшылығына және қызметкерлеріне кәсіби шеберлегі, сезімталдығы мен назар аударғаны үшін алғыс айтамын», – дейді Қармақшы ауданының тұрғыны Пернеш Өтепова.
Облыста халықтың 80% – ға жуығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылады, 147 мыңнан астам адам сақтандырылмаған. Мамандар кеңес береді: медициналық көмекке қол жеткізбей қалмау үшін тұрғылықты жері бойынша емханада МӘМС жүйесінде тіркелу және сақтандырылу мәртебесін тексеру қажет. Өзінің cақтандыру мәртебесін Электрондық үкімет порталында, ӘМСҚ-дың сайтында, Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы және «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы арқылы білуге болады.
«Біздің пациенттеріміз жарақаттан, күрделі операциялардан, инфаркттан, инсульттан кейін тез аяққа тұрып қалған мысалдар аз емес. Бізге басқа аймақтардан да келеді. Егер бұрын жеке клиникадағы оңалту ем үшін пациенттер өз қалтасынан 350 мың теңгеге дейін төлеген болса, енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында бұл қызметтер барлық сақтандырылған азаматтар үшін тегін. Басты шарт-емхананың учаскелік дәрігерінің негізді жолдамасы», – дейді «Q Med» клиникасының директоры Раушан Базарбай.
kyzylorda-news.kz​​​
30 қыркүйек 2020 ж. 602 0