Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Садақта да, сабақта да мүлт кетпеген мұғалім

Садақта да, сабақта да мүлт кетпеген мұғалім

Жебе нысанаға қарай зу етіп ұшты. Бір сәттік үнсіздіктен кейін Серікбол Бекмұратов көздеген нүктесіне көз салды. Бұл көрініс оның бала күніндегі талдан жасаған садағын еске түсіреді. Арада жылдар өтсе де, қызығушылық жоғалмаған. Керісінше, балалық әуестік ұлттық спортқа ұласып, бүгінгі өмірінің бір бөлшегіне айналды.
Иә, ұстаз десе көз алдымызға алдымен қалам мен қағаз ұстаған, қолтығына журнал қысқан жандар елестейді. Бұл – санамызға сіңіп қалған сүйкімді бейне. Ал бүгін кейіпкеріміз мүлде бөлек. Ол мектептен тыс уақытта қолы қалт етсе садақ асынып, қорамсақты қасынан тастамайды.
Себебі бала күнінде талдан садақ жасап, қамыстан жебе дайындап, нысана көздеген Серікбол Еркебайұлы арада жылдар өткенде сол ермегінің ұлттық спортқа ұласарын білген жоқ. Ол кезде бұл – Аралдың бір баласының қарапайым ойыны еді. Бүгінде сол бала есейіп, қолына кәсіби садақ ұстап, республикалық жарыстарда бақ сынап жүр.
Қош. Ұлағатты кәсіп иелерінің кәсіби мерекесі қарсаңында әуелі Серікбол Бекмұратовтың мұғалімдік мансабына тоқтала кетейік. 1995 жылы 15 ақпанда Арал қаласында дүниеге келген кейіпкеріміз еңбек жолын 2017 жылы №220 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастап, бүгінде №292 «Келешек» мектебінде қызмет атқарады. Жас та болса педагог-сарапшы санаты бар ол оқушыны дайын білімді қабылдаушы емес, ізденуші болғанын қалайды. Шәкірттерінің облыстық, республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болуы – осы ұстанымының нәтижесі.
– Тарихты оқыту дегенді мен даталар мен оқиғаларды жаттатумен шектемеймін. Бала өзі сұрақ қойып, ізденіп, өткенін таныса, бүгінін де тереңірек түсінеді, – дейді Серікбол.
Оның тарихқа деген қызығушылығы мен дәстүрлі садаққа деген әуестігі де бір арнада тоғысып жатыр. Жоғарыда біз айтқан әңгімені "Талдан өзімше садақ жасап, қамыстан оқ-жебе дайындайтынмын. Нысанаға атып ойнайтынбыз. Ол кезде мұның кейін үлкен хоббиге, тіпті спортқа айналатынын қайдан білейін" деп күлген ол салмақтай түсті.
Анығында айтқанының жалғаны жоқ. Арада көп жыл өтті. 29 жасында әлеуметтік желіден Қазақстанда кәсіби дәстүрлі садақтар сатылатын орталық барын кездейсоқ көрді. Өзіне садақ сатып алған соң Серікбол бұл іске жай әуестікпен қарамай, оның тарихын, құрылысын, ұстау мен ату тәсілдерін зерттей бастады.
– Садақты алғаш қолыма ұстағаннан кейін қызығушылығым біртіндеп тереңдей түсті. Бір нәрсені үйренген сайын келесі сұрақ пайда болады. Сөйтіп, іздене бересің, – деп қызығушылығы жайлы тәптіштеп жеткізген азамат көп ұзамай Арал қаласында Закария есімді азаматпен танысып, екеуі тәжірибе алмаса бастады. Ортақ қызығушылық оларды бірге жаттығуға, кейін облыстық және республикалық жарыстарға қатысуға алып келді.
Осылайша 2024 жылы Серікбол облыстық «Жамбы ату» сайысында III орын иеленсе, араға жыл салып Аралдан Оралға жол тартты. Мақсат – дәстүрлі садақ атудан ел чемпионатында бақ сынау.
Сол жылы Қызылорда облысында өткен «Ақ бидай», «Алтын күз» спорттық жарыстарында «Қалқан» нысанасы бойынша I орын алса, аудандық жарыстарда да бірнеше мәрте жеңімпаз атанды.
– Жарыстағы нәтиже маңызды. Бірақ мен үшін одан да маңыздысы – әр сайыстан кейін өзіңнің қай тұсыңды жетілдіру керегін түсіну. Садақта өзіңмен өзің бәсекелесесің, – деген Серікбол өзін шыңдап қана қоймай бәсекеге қабілетті шәкірт дайындап, ол да аудандық деңгейде жүлделі орындардан көрініп жүр.
Серікболдың ұлттық құндылықтарға жақындығы бірінші – қызығушылықтан десек, одан қалды отбасы мүшелерінің қолдауы. Әркез жетістігі мен жеңісінің себепкері, садақ бәйгесіне, сабақ бәйгесіне де ақ батасын беріп шығарып салатын әкесі Еркебай Бекмұратов ұзақ жыл өрт сөндіруші болып еңбек етіп, зейнетке шықса да ағаш пен темірден түйін түйіп келеді. Ал ұлағатты жолды таңдауға бастауға болған анасы Күнкияш Әділова №14 мектепте ұзақ жыл орыс тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен.
Бүгінде бұл дәстүр келесі буында да жалғасып отыр. Серікболдың жұбайы Арайлым Кенжебаева да кейіпкерімізбен бірге бір мектепте балаларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен білім беріп келеді. Өздері "педагогтер династиясымыз" деп әзілдейтін отбасында Серікболдың қыздары Гүлһадиша еркелеп өсіп келеді. Олардың қолдауы туралы:
– Отбасыңның қолдауы адамның жігерін арттырады. Әсіресе, ата-бабадан қалған дәстүрді жалғастырып жүргеніңді жақындарың түсінсе, бұл үлкен мотивация, – дейді тарихшы ұстаз.
Тарихшы ұстаз бен дәстүрлі садақшының бейнесі Серікболдың бойында тоғысқан. Бірі – өткенді танытса, бірі – сол өткеннің рухани мұрасын бүгінгі күнге жақындатады. Яғни бірі – кәсібі, бірі – жан қалауы.
Бірақ мынаны есте сақтау керек. Білімі мен бейімі бір басына қатар қонған жас "Садақ атқанда назарың бір нүктеге шоғырланады. Артық ойдың бәрі кейін қалады. Сабыр сақтап, тынысыңды реттеп, дәлдікке жұмыс істейсің. Сабақта да дәл солай. Бар ойың бір арнаға тоғыспаса, ойлаған нәтижеге жету қиын" дейді. Ендеше "қос нысананы" бірдей көздеген Серікболға қос бағытта да жетістік тілейміз.
О.ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ
---
03 қазан 2026 ж. 43 0