Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алпыс мәрте батпан көтерген ару

Алпыс мәрте батпан көтерген ару

Бүгінде ғаламтордың мүмкіндігі артқан уақытта әлеуметтік желілер арқылы танымалдыққа ие болғандар аз емес. Бірақ біздің бүгінгі кейіпкеріміз өзгелер сияқты хайп қуып айыпты болған емес, өнерімен көпшілікті сүйсіндірген жан.
Иә, дал солай. Tiktok-тан сіз де көрген боларсыз. Біз де көрдік. Аралдық келіншектің әз-Наурыз мерекесі қарсаңында барша кент тұрғындарының қошеметіне бөленгені біз үшін мақтаныш. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген әрбір қазақ үшін расында жерлестің жетістігі бәрінен биік.
Батпан көтеруде бәсекеге түсіп, тоқтаусыз 64 мәрте көтерген сол келіншекпен тілдестік. «Бәлкім спортпен тұрақты түрде айналысатын шығар деген» деген де ойымыз болған. Жеңісімен құттықтап, жетістігінің сырын сұрадық. Гүлмарал есімді бұл жерлесіміз қарапайым ғана жан болып шықты. 1998 жылдың 9 наурызында Арал ауданы Сексеуіл кентінде дүниеге келген. Қазірде тігіншілікте кәсіп еткен Гүлмарал Тұралиева бала кезден спортқа жаны құмар болғанын жасырмады. Көптеген спорттық жарыстарда, эстафетада бақ сынап, жүлделі болып жүргенімен келін атанып, спорттан алыстаған.
Бүгінде бүтін бір шаңырақтың келіні, адал жар болып отырған Гүлмарал Серікқызы қазіргі таңда №20 Арал ауданы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде уақытша қызмет жасайды.
Жарыс жайында кейіпкеріміз:
– Наурыз барша халықтық сипаттағы құндылығы бөлек мереке ғой. Ел болып тойлау, Ұлыстың ұлы күнін ұлықтау баршамыздың міндетіміз. Кент тұрғындары да жоғарғы деңгейде атап өттік. Бұл жерде ұлттық спорттардың, ұлттық нақыштағы киімнің көрініс табуы қазақылығымызды көрсетеді. Осындай жарыстардың бірі батпан көтеруде көппен бірге бағымды сынап көргім келді. Бір жағынан бала кезден өзіме жақын болғандықтан спорт десе қызығамын. Бірақ осындай танымалдыққа ие боламын деп ойламадым, – дейді.
Иә, «алып анадан туады» деген қазақ осындай қайсар мінез, болмысы бөлек жандарға қарап айтса керекті. Ерге бергісіз өнер иесі әлі талай жақсы атымен танылады деген ойдамыз.
О.ЖОЛДАСОВ
30 наурыз 2024 ж. 582 0