Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛҚҰМДА НАУРЫЗ ТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ

АРАЛҚҰМДА НАУРЫЗ ТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ

Ұлыс мерекесі еліміздің түкпір-түкпірінде тойлануда. Биылғы жылы бұл мерекені Аралқұм ауылы да ұмыт қылмады. Күн мен түн теңесіп, жыл басы Наурыз мерекесін көпшілікпен бірге тойлау үлкен мəртебе. Бірін-бірі құшақтай қарсы алысып, көрісе амандасқан ағайынның қуанышы - күллі елдің қуанышы. Көріскен жамағаттың жадыраған жылы жүзі осыны аңғартқандай еді.
Алдымен, ауыл əкімі Сəкен Садықбаев мерекемен құттықтап: "Жер-дүние жанданған шуақты көктеммен бірге елімізге, жерімізге нұрын шашып, қасиетті Наурыз мейрамы келді. Бұл мейрамды мұсылман халқы қуанышпен қарсы алып, дастархан жайып, бірін-бірі құшақтаса құттықтап қарсы алады. Наурыз мерекесі баршаңызға амандық, татулық пен жылулық, береке, байлық əкелсін!" - деді. Сонымен қатар, Аралдың дамуына өз үлесін қосқан, қазірде ерен еңбегімен зейнеткерлікке шыққан құрметті азамат Шегебай Жаңабаевты Алғыс хатпен марапаттады. Осынау ұлы мерекеге арнап, концерттік бағдарлама да ұсынылды. Əннен шашу шашылып, "Сымбат" би тобы мың бұрала биледі. Қонақжай мекеннің дастарханы кеңінен жайылып, ыдыстары аққа толды. Жиналған көпшілік қауым ұлыстың ұлы күні жайылған дастарханнан дəм татты. Ел қазаны ортаймай, биыл да ас мол болсын деген ниетпен қыз-келіншектер наурызкөжені ерекше етіп əзірледі. Ырыс пен берекенің, жақсылық пен мейірімділіктің нышанына айналған мерекеде бесікке салу, тұсау кесу, беташар, т.б. дəстүрлер орындалды. Əз-Наурыз "Қол күрес", "Лəңгі тебу", "Батпан көтеру", "Арқан тартыс" сияқты ұлттық ойындармен жалғасты. Батпан(гір тасын) көтеру сайысында Абылай Мəженов I орынды, Қайсар Жолдығұлов ІІ орынды, Ғани Каюпов ІІІ орынды иеленді. Қол күрестен Дəуіржан Матығұлов І орынды, Талғат Өтешов ІІ орынды, Дархан Құттымұратов ІІІ орынды қанжығасына байлады. Ал "Лəңгі тебу" ойыны бойынша Асылбек Жақыпалиев І орынды, Данияр Өтепов ІІ орынды, Ерсұлтан Оңдасынов ІІІ орынды иеленіп, барлық жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ұлысқа мерей, туысқа мейірім сыйлайтын татулық мерекесін Аралқұм осылайша бір отбасыдай қарсы алды.
БАЛАУСА ТӨРЕБАЙ
24 наурыз 2018 ж. 2 359 0