Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүл сыйлайық...

Гүл сыйлайық...

Әйел – ару, әйел – жар,
Әйел – ана әлемге.
Әйел – дастан, әйел – жыр,
Гүл сыйлайық әйелге.
Әйелдер – ару, әйел – жар,
Әйел – ана әлемге
Әйел – намыс, әйел – ар,
Гүл сыйлайық әйелге.
Иә, бірімізге шаттық, бақыт, бірімізге аналық махаббат, ал баршамызға жарық дүниені сыйлаған аналарға, әйелдерге, аруларға деген құрмет қашан да биік болуы тиіс. Дүниедегі қамқорың, жаныңа демеу, перзентіңе ана бола білген жандардың қадіріне жету – ер азаматтың отбасы алдында да, асыл дініміз тұрғысында да басты міндеті. Исламда: «Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері болғанындай, ер азаматтардың да әйелдерінің алдында заңды міндеттері бар» делінеді. Яғни бұл жердегі міндет – ер адамның жанұя нәпақасын табу, әйелге көркем мінезбен қарым-қатынас жасау, зиян келтірмеу деген ұғымды анық білдіреді. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні де барша нәзік жандылар қауымына деген құрметті еселей түсетін күн.
Олай болса, анамызға, жарымызға, апамыз бен қарындасымызға, қызымызға неге қуаныш сыйламасқа! Жаны нәзік, жүрегі мейірімге толы, барша әлем халқы гүлге теңейтін гүлден де қадірлі әйел затына гүл сыйлап тұрсақ та артық етпейді ғой. Қазірде мұндай мүмкіндік көп. Ерлер қауымына гүл сыйлау мүмкіндігін тудырып отырған жандардың бірі – Алмагүл Зейілтаева.
Алмагүл – Алматы облысының тумасы. Бала күнінен көкорай шалғында аунап өскен кейіпкеріміз "Бала кезімізде шөп жұлуға алып баратын. Ойнағымыз келеді, бірақ бұл жұмыс. Шаршаған кезде шөбі жоқ ауылға барып тұрсам деп армандайтынмын" деп әзілдейді. Кейіннен тұрмыс аралдық жігітке тұрысқа шығып, 1997 жылы Арал қаласына көшіп келеді. Туған жерімен жаңа қонысының арасындағы айырмашылықты көрген ол "Аралды гүлдендірсем" деген арманы болғанын да жасырмады.
2000 жылдардан бастап гүл сатуды кәсіпке айналдыра бастайды. Алғашында кәсібін жасанды гүл сатудан бастаған ол кейіннен Алматыдан түрлі гүлдердің өскіндерін алдырып, соны өсіріп, сата бастайды. Бүгінде өз ісінен береке тапқан Алмагүл гүлдердің 30-дан астам түрін сатады. Өскіндерді 500 теңге, гүлдердің ең төменгі бағасы 200 теңгеден басталып, 15 мың теңгеге дейін бағаланатын гүлдер дүкені қазірде кірген адамның жанын рахатқа бөлейді.
– Қандай жұмыс болса да қиындықсыз болмайды ғой. Бірақ еңбек етсең бәрін жеңуге болады. Алғашында бірден кәсіп дөңгелене кетті деуге келмейді. Бірақ қазір тұрақты түрде келіп тұратын тұтынушыларым бар. Әсіресе жаңа жыл мерекесіне қарсы, 8 наурызда және алғашқы қоңырау, соңғы қоңырау шараларына орай гүлге сұраныс өте көп болады. Сол себепті халықтың жақынына, туысына, досына гүл сыйлауға деген көзқарасы жоғары, – дейді.
Бұл дүкенде қазірде тек гүл сату ғана емес, мерекелік көңіл-күй сыйлауға қажетті өзге де дүниелердің барлығы үшін қызмет ету қарастырылған. Арнайы ыдыстар, гүлдің топырағын ауыстыру, құнарландыратын қоспаларды табуға болады. Мерекеге арнап сәндеу, буу жұмыстарын да Алмагүл өзі жасайды.
Қазіргі таңда 3 адамды жұмыспен қамтып отырған ол гүлден бөлек сыйлықтардың бірнеше түрін, фотожақтаулар, жұмсақ ойыншықтар сатумен де айналысып келеді.
Жиырма жылдан астам уақыт аралдықтарға қуаныш сыйлап келе жатқан кәсіп иесі алдағы мерекеде барша нәзік жандылар қауымын халықаралық әйелдер күнімен құттықтауды да ұмытпады.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
07 наурыз 2022 ж. 679 0