Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » БАЖАЛАР ҚАЛЖЫҢЫ: АҚАН СЕРІ МЕН НАУАН ХАЗІРЕТ

БАЖАЛАР ҚАЛЖЫҢЫ: АҚАН СЕРІ МЕН НАУАН ХАЗІРЕТ

Атақты Науан хазірет Ақан серімен бажа еді ғой. Содан да бір-біріне деген сый-құрметтері суыспаған ғой. Бірде Науан бажасына: 
– Ғалымтайыма қыз айттырайын деп едім. Сен әйел затының сұңғыла сын­шы­сы­сың ғой. Кіммен құда болғаным жөн? – деп ақыл сұрайды. Сонда Ақан сері: 

– Құр бекер жаман әйел бұлттың қабы, 
Келмейді жақсы әйелсіз ердің бағы. 
Жабыға арғымақтан айғыр салсаң 
Баласы сол арғымақ туар жабы. 
Ер жігіт қанша жақсы болса-дағы, 
Әйелге байланысты ердің бағы. 
Алғаны ерге серік бола алмаса, 
Жігіттің болмашыдан сыңар сағы. 
Жігіттер, әйел алсаң тексеріп ал, 
Төркіні, нағашысы барлық жағы. 
Ақылы, зейін, көркі бірдей келсін, 
Құр бекер керек емес беттің ағы. 
Жігіттер, әйел алсаң сөйлесіп ал, 
Сөйлес те фаһіміне зейінің сал. 
Құтылу қиын болар бала тапса, 
Емес қой сойып, сатып жоятын мал. 
Өмірге үйлесе алмай өкінішпен, 
Деуменен «әттең ғана» боласың мал. 
Ұқыпсыз жаман әйел алған жігіт, 
Мойнына арық аттай бітпейді жал. 
Жақсы әйел алған жігіт базары үйде, 
Махаббат, сүйіспендік келсе егер дәл. 
Ақаннан сұрасаңыз айтары осы, 
Хазірет, ендігісін ақылға сал, – деп тоқтапты сері.

"Шешендік сөздер" жинағынан 
12 ақпан 2020 ж. 1 974 0