Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдағы азия чемпионы

Ауылдағы азия чемпионы

Ауылдың баласынан көптеген дүние күтуге болады. Жетістік пен жаңалық, білек пен білімнің жарқын үлгісін көрсететін де солар. Сол азаматтар байрақ пен ардың беделін төмен түсірмеуге тырысады. Себебі олардың қайнаған қанында халқына деген шынайы сүйіспеншілік, таза патриоттық сезім бар. Сол үшін де біз олармен мақтануымыз керек. Мұндай мақтаныштарымыз әсіресе спорт саласында көптеп кездеседі. Бүгінгі біздің әңгімемізге арқау болатын кейіпкердің есім-сойы – Нұрлыбек Рысмағамбетов.
А.БИСЕНОВ

«Arm Wrestling» атты спорт түрінен талай бәсекеде топ жарып жүрген тарланбоздың бүгінгі шыққан биігімен аудан мақтана аларлықтай жағдайда. Ол қандай спорт деп отырған боларсыз. «Arm Wrestling» атты спорт біздің тілмен айтқанда қол күрес. Жақсықылыш кентінде тұрмыс кешіп, сол ауылдың мектебінде қарапайым ұстаз болып еңбек ететін Нұрлыбектің бүгінде 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бірнеше мәрте Азия чемпионатының күміс және алтын жүлдегері екенін бірі білсе, бірі білмес. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлігі тағы бар.
1967 жылы Жақсықылыш кентінде ауданға белгілі Өтеу Рысмағамбетов ағамыздың шаңырағында дүниеге келген кейіпкеріміз өзінен бөлек тоғыз бауырының жанында ойнап өскен. Әкесі Өтеу мен анасы Зияштың тәрбиесін алған ол сонау бала күнінде өзінің алдындағы Арғынбай есімді ағасын үлгі тұтқан. Айтуынша, ағасы Арғынбай да жас күнінде гір тасын көтеруде алдына жан салмайтын үздіктер қатарында болған. Тіпті, облыстық сайысқа қатысып, кіл шеберлердің арасынан гір тасын көтерудегі шеберліктен шашасына шаң жұқтырмаған.
– Әлі есімде. Бала кезімізде аулада Арғынбай ағам салмағы зіл батпан болатын гір тасын допша үйіріп, төспен, аяқпен қағатын. Сондағы шеберлігіне таң қалып, мен де жастайымнан гір тасына құмар болдым.  Талай көше балаларымен жүргенде өзіме ағамды үлгі етіп, соның ізін қудым. Соның пайдасы болса керек, жас күнімнен білектерім қатайып, қолыма қысқанды қабыстыратын ерекше күшке ие болдым. Осылай келе 1985 жылы Отан алдындағы әскери борышымды өтеуге Владивостокқа бардым. Теңіз әскері құрамында болып, 90 күндеп сүңгуір қайықпен Тынық мұхиты теңізінің астында болатынбыз. Ол жақта Александр Спиранский деген орыс офицері менің ерекше қабілетімді байқап, осы қол күрестің ерекше тәсілдеріне бейімдеді. Сол арқылы мен қол күрестен әскери достарымның арасында үздік болдым, – дейді халықаралық дәрежедегі спорт шебері Н.Рысмағамбетов.
Спорттағы карьерасы осылай басталған Нұрлыбек елге келген соң, кенттегі «Аралтұз» комбинатына жұмысқа орналасады. Сол жақта жүріп те аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, бапкері әрі құрдасы Жаңалық Тоқсанбаевпен бірге біршама жетістіктерге жеткен. Бұл жеңісті жетістіктердің жалғасы 2005 жылы ауылдағы №19 орта мектепке дене шынықтыру пәнінен мұғалім болып қызметке орналасқан соң да жалғасты. Спорттың бұл түрінен бөлек тоғызқұмалақ ойынына да құмарлығы ауған кейіпкеріміз мектеп оқушыларын озық ойға баулып, тоғызқұмалаққа бейімдеген. Қазірге дейін олардың арасынан 1 спорт шебері, 5 спорт шеберлігіне үміткер және 7 бірінші разряд шыққанын мақтанышпен айтуға болады.
Негізінен қол күрес әлемдік деңгейде қолдауға ие болғанымен, елімізде кенжелеу дамыған. Десе де Қазақстан әлемдік көрсеткіш бойынша қол күрес спортынан 2 орында тұр. Бойды билеген бұл күшпен қатар, асқан ептілікті және шапшаңдықты қажет ететін бұл спорт түрі бүгінде Орталық Азияда еркін дамыған. Оған жыл сайын өтіп тұратын Азия чемпионаттары мен әлем біріншіліктері дәлел. Бүгінде Нұрлыбек Өтеуұлы сол Азия чемпионаттарына қатысып, бірнеше мәрте жүлдегер атанған. Айталық, 2017 жылдың маусым айында Қырғызстан елінде өткен Азия чемпионатында 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ІІ орын, 2018 жылдың сәуірінде Көкшетау қаласында өткен Азия чемпионатында жүлделі ІІ орын және 2019 жылы Қырғызстан елінде өткен Азия чемпионатында жүлделі І орынды қанжығасына байлаған. Осылайша сайдың тасындай іріктелген кіл мықтылар арасында топ жарған спорт шебері бірнеше мәрте әлемдік додаларға жолдама алған. Алайда ол жаққа барып-қайтуда қаражат жағы қолбайлау болып, бірнеше мүмкіндікті жіберіп алған.Бүгінде өзінен кейінгі ізбасар қалдыруды көздейтін Нұрлыбек ізін жалғаушы төрт ұлының ішінен Бақтиярын осы спортқа ыңғайлы көреді. Соны осы бастан баптап, спорттың осы түріне бейімдеуді көздейді.– Аллаға шүкір, ізімді жалғайтын төрт бірдей мұрагерім бар. Олардың екеуі үйленді. Жұбайым Роза екеуміз 1990 жылы шаңырақ көтердік. Тәрбиелеп отырған төрт ұлымыздың әр кәсіпке қабілеттері әрқалай. Бақтияр есімді балам биыл тоғызыншы сыныпқа көшті. Болашақ осы балам өзімнің ізімді жалғайтындай көрінеді. Қимылы да, қабілеті де ерекше көзге түседі. Кезінде өзім Орынбай, Қуаныш сынды ағайлардан дәріс алып, осы спортқа деген қызығушылығым арта түскен еді. Енді ізбасарларыма да бір биікке шығатындай үлгі болсам ба деймін, – деп өз ойын жеткізді әңгіме барысында Азия чемпионы.
Иә, талай чемпионды топырағында түлеткен Арал өңірі әсте сала үздіктерінен кенде емес. Әдебиет пен мәдениет, спорт пен өнерде де бұл топырақтан түлеп ұшқан жастар жетерлік. Біз 16 тамыз – Спортшылар күні қарсаңына орай елуден асса да, өз биігінен түспеген темір білекті жанның тұтас болмысын тани түскендей болдық. Бұрын жетістігі мен жер жарған есімін естігеніміз болмаса, тілдесуден алған әсеріміз басқаша болды. Біз тани түскен ауданға, қала берді облыс, республикаға белгілі білекті чемпионның адами болмысы қарапайым, қанша биікке шықса да, кеудесін қақпаған көпшіл әрі кішіпейіл. Сонысымен де ол сыйлы, өз ортасында қадірлі.
16 тамыз 2020 ж. 432 0