Азия чемпионы

Көршілес Қырғызстанда өткен білектілер бәсекесіне Азия құрлығы бойынша 8 елдің командасы қатысып, бабы келіскен спортшылар бәсеке барысында барын салды. Міне, сол додадан бағы басым болып шыққан Нұрлыбек өз әсерін былайша бөлісті.
– Азия чемпионаты қашан да өте тартысты өтеді. Ол жағын мен өте жақсы білемін. Бұл менің алғашқы қатысуым емес. Сол себепті барынша тыңғылықты дайындалдым. Екі мәрте ақтық сында жеңіс тұғырына шығуға сәл ғана шамам жетпей қалса, өткен жылы қоланы қанағат еткенмін. Биыл алтынды еншілеп қайтуды көздедім. Бұл жолда маған тілектестер де өте көп болды. Солардың бірі–Арал аудандық №20 спорт мектебінің директоры Е.Қараев еді. Дайындық барысында да, басқа жағынан да қолдау білдіріп, әркез жігеріме қанат бітірсе, «Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалы тарапынан да демеушілік жасалды. Міне, осындай азаматтардың артқан үміті мен сенімін, жалпы барша елдің аманатын арқалап барып, алтынсыз қайту мүмкін емес еді. Осылайша 100 келіден артық салмақ дәрежесінде бақ сынасып, алтыннан алқа тақтым. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Әнұранымыз асқақтай шырқап, көк туымыз төбеге көтерілгендегі көңіл-күйімді айтып жеткізе алмаспын.
Иә, барша алаштың абыройын асқақтатқан жерлесіміздің жеңісіне біз де қуанып-ақ қалдық. Азия чемпионы атанып қана қоймай, әлем чемпионатына жолдама алған жерлесімізге қазан айында Румынияда өтетін байрақты бәсекеде айы оңынан тусын демекпіз.
«Толқын» ақпарат