Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Марста тіршілік ету мүмкін бе?

Марста тіршілік ету мүмкін бе?

 massaget.kz Айға ұшу, ғарышты игеру, Марсты зерттеу – мұның бәрі соңғы уақытта адам Күн жүйесін толықтай зерттеуді қолға алғанын білдіреді. Адамзат басқа да ғаламшарларда өмір сүруге ынтық. Алдағы уақытта мұны жүзеге асырамыз деп құлшынып отыр. Бұл қаншалықты шындық? Біз басқа ғаламшарларда өмір сүре аламыз ба?
Жалпы, ғарыш әлемін игеру үшін Қытай мен Америка арасында бәсеке қызу жүріп жатыр. Әсіресе Илон Маск пен Джеф Безос сынды америкалық миллиардерлер ғарыш әлемін зерттейтін өз компанияларын құрғаннан соң бұл бәсеке тіпті қыза түсті.
Илон Маск Марсты, Джеф Безос Айды бірінші болып игеруді қалайды.
"Біз Жер бетінен кетеміз, кетуге мәжбүрміз. Қалғысы келгендер қала берсін. Миллиондаған адамдар айда жұмыс істеп, жер бетіндегі ауыр өнеркәсіптік нысандарды сол жаққа көшіруге болады. Бұл Жер бетіндегі тым асқақ қажеттіліктерді өтеудің бірден-бір жолы", – деген еді Безос.
Ал жаңа идеяларды жүзеге асырудан шаршамайтын Илон: "100 жыл ішінде Марс бетін Жер сияқты суы мол, ауасы саф планета етемін" деп айды аспанға бір-ақ шығарған еді. Біз бұл туралы “Масктың Марсқа қатысты 100 жылдық жоспары” атты көлемді мақаламызда айтқан едік.
Илон Маск Қызыл ғаламшарды отарлауды армандайды. Бұл арманын 2000 жылдары SpaceX компаниясының негізін қалағанда-ақ жүзеге асыруды бастап кетті. Ол NASA ғарыш агенттігінің бұл іске селқос қарап жатқанын, 4-5 жыл арасында Марс планетасына адам жібермейтінін біліп, бұл істі өзі тәуелсіз жүзеге асыруды бастады. Оның ойынша, кезі келіп адамдар Жер шарын тастап кетеді. Сол кезде адамзаттың жаңа мекені Марс сияқты ғаламшарлар болмақ екен.
Сонымен, 2024 жылы америкалық кәсіпкер Илон Маск алғашқы рет адамдарды Марсқа жіберуді жоспарлап отыр. Олар Қызыл планетаны зерттеп қана қоймай, Жерден тыс пайдалы ресурстарды белсенді іздеумен де айналысады. Алайда, осындай маңызды оқиғаның жалпы эйфориясына қарамастан, болашақ миссияның қарсыластары көп. Мысалы, 2014 жылы БАӘ үкіметі мұсылмандардың Марсқа ұшуына тыйым салатын заң шығарды. Олардың пікірінше, бұл ғаламшарға ұшу адамның өзіне-өзі қол жұмсауымен бірдей. Ал әлемдегі бірқатар ғарыш агенттіктері Қызыл планетада тұрақты колония құру ұзақ қашықтыққа байланысты пайдасыз инвестиция болуы мүмкін деп санайды. Жерден Марсқа қажетті ресурстарды тасымалдау үшін жүк тасымалын арзандату мүмкін емес.



29 қараша 2019 ж. 1 286 0