Австрияның Вена қаласы ең таза және ең жасыл қалалар тізімінің көшін бастады, деп хабарлайды stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы Lonely Planet порталында жазылыпты. Resonance Consultancy ұйымы жасаған рейтингке сүйенсек, экологиялық қалалар тізімін құрастырған кезде көгалдандырылған орындар, ауаның сапасы мен қалалықтардың серуендейтін жерлері есепке алынған. Вена қаласы көптеген саябақтар мен дамыған транспорт жүйесіне байланысты бірінші орынға шығыпты. Мұнда қала тұрғындарының көбісі өз көліктерінен бас тартқан екен. Екінші орынға Германияның Мюнхен қаласы табан тірепті. Бұл қалада жедел қоғамдық көліктердің арқасында жеке көліктерді қолдану біршама азайыпты. Үшінші орынды өзінің саябақтарының көптігінің себебінен Германияның астанасы Берлин қаласы иеленіпті. Сондай-ақ берлиндіктердің табиғи ресурстарды пайдалануда ысырапшыл еместігі анықталған. Төртінші орын саябақтары мен жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымының ыңғайлығына байланысты Испания астанасы Мадридке берілсе, үздік бестіктің көшін Бразилияның Сан-Паулу аяқтапты. СарапшыларСан-Паулу қаласын фермерлік базарлар көптігі мен жергілікті халықтың табиғи өнімдерді кеңінен пайдаланғандықтан бесінші орынға қойған. Ең таза қалалардың арасында Манчестер, Лиссабон, Сингапур, Амстердам мен Вашингтон да бар көрінеді.