Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Американың әйгілі баспасы Қырымбек Көшербаевқа алғыс білдірді

Американың әйгілі баспасы Қырымбек Көшербаевқа алғыс білдірді

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың атына Америкадағы әйгілі "Amazon Crossing" баспасының директоры әрі бас редакторы Гэбриелла Пейдж-Форттан алғыс хат келіп түсті, деп жазды Facebook-те жазушы Роллан Сейсенбаев.

Аса құрметті Қырымбек Елеуұлы, 2019 жылы Американың айтулы "Amazon Crossing" баспасы қазақ жазушысы Роллан Сейсенбаевтың "Құм кезген өліктер" роман-эпосын жарыққа шығарған болатын. Франкфурт кітап-жәрмеңкесінен соң роман Американың атышулы ПЕН-Америка сыйлығына ұсынылған.
Роллан Сейсенбаев аты әлемге әйгілі жазушы. Оның шығармалары Америкада, Еуропада әм Азияда аса жоғары бағаланады және ерекше құрметке ие. Ол Американың Марк Твен, Джек Лондон, Эрнест Хемингуэй сияқты атақты әдеби сыйлықтардың лауреаты.
"Құм кезген өліктер" Ана-Жерді жайлаған адамдардың тіршілік аялары мен рухани құлдырауы туралы ерекше қуатты шыншыл роман.
Джон Фарндон, ақын, аудармашы, Ұлыбритания
Бұл таңғажайып романмен Сіз жапа-жалғыз қалып сыр бөлісуіңіз керек. Бұл романда жойқын поэзия, қан татыған диалогтар, Дешті-Қыпшақ даласының сиқырлы бейнелері мол ұшырасады. Табиғаты ерекше бай Қазақия Сізді өзіне тартады, Сіз оған ғашық боласыз, әттең оны әлем адамдары аз танып-білгендері үшін қапаланатыңыз рас.
Стивен Бауман, әдебиеттанушы, АҚШ
О, бұл роман – ғажап универсум! Бұл роман қазақ өмірінің айрықша панорамасы. Және бұнда басты кейіпкер адам емес, Халық және Ұлт.
Георгий Гачев, әдебиеттанушы, Ресей
Бұл романның танымдық және стилистикалық бейнесі терең, сонымен бірге оның өн-бойында магикалық реализм ерекше толғаныста көшіп-қонып жүреді. Бұл романның басты, айрықша ерекшелігі Ақиқатқа деген тойымсыз талпынысы болып қала бермек.
Мартина Кусчек, баспагер, Германия
Қазақтың трагедияға толы "Құм кезген өліктер" романы адамзат алдына саяси, адамгершілік, экологиялық әм діни орасан зор әрі күрделі сұрақтарды қайыспай, қорықпай көлденең тарта білуінде жатыр.
Портер Андерсон, журналист, АҚШ
Роллан Сейсенбаев Прометей құсап адамзаттың ақыл-ойының отын өшіртпей бағып тұр. Ол өзін аямайды, сонымен бірге, туған халқының әдебиеті мен мәдениетін көзінің қарашығындай бағып-қағуға бар қажыр-қайратын арнайды. Бұндай жанкешті адам Ана-Жерде аз. Ал Қазақстанда ол жалғыз. Және қайтып қайталанбас тұлға.
Анатолий Ким, жазушы, Ресей
"Құм кезген өліктер" ХХ ғасырдың ержүрек роман-эпосының бірі. Бұл роман ерекше құнды туынды, бұл роман Ана-Жердің экологиялық эпосы. Сонымен бірге, бүгінгі күннің экологиялық "Дон Кихоты". Роллан Сейсенбаевпен творчестволық, адами қарым-қатынаста болу және бірге жұмыс істеу біз үшін үлкен мәртебе-сый болғанын жасырмаймын.
Ол планетарлық масштабтағы жазушы.
Ол өзінің телегей теңіз білімімен, әлемдік зерделі пайымымен, сонымен бірге, өмірдегі қарапайым, зиялы болмысымен "Amazon Crossing"-ті таң қалдырды.
Романды оқып болып, өндіріске тапсырып жіберген соң да, мен үшін Қазақия ұлы салт-дәстүрі бар, рухы жойқын, ақыл-ойы терең, көзсіз батыр, алып ел болып елестейді де тұрады.
Құрметті Қырымбек Елеуұлы, адамзат баласының басына түскен қысылтаяң кезде, Сізге қажыр-қайрат, ерлік әм денсаулық тілеймін, - деп жазды "Amazon Crossing" директоры әрі бас редакторы, Гэбриелла Пейдж-Форт.

baq.kz​​​
20 шілде 2020 ж. 1 044 0