Ресейлік ғалымдар күйзелісті жарықпен емдеуді үйренді
Томск ғылыми-зерттеу орталығының Психикалық денсаулық ғылыми-зерттеу институты депрессияны емдейтін жарық өткізгіш құрылғы жасап шығарды. «Оны дәрілік препараттар қабылдауға тыйым салынған жағдайда қолдануға болады», – деп РФ Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Құрылғының прототипі 10 мың люкске дейінгі қарқындылығы бар жарық ағынының теңдестірілген спектрін жасайтын технология негізінде жұмыс істейді. Оны дәрі-дәрмектерді көтере алмайтын науқастар, сондай-ақ әйелдер жүктілік және емізу кезінде қолдана алады. Бұл Томск ҒЗО-ның психикалық денсаулық ҒЗИ мен жартылай өткізгіш құрылғылар ҒЗИ және Томск политехникалық университетінің Өнеркәсіптік дизайн орталығы ғалымдарының бірлескен әзірлемесі», – деп хабарлады ведомстводан.
Депрессиялық жағдайлар қоғамда кең таралған. Ол мимен байланысты «ең қымбат» аурулардың бірі саналады. Олардың пайда болуында хронобиологиялық механизмдер маңызды рөл атқарады. Cондықтан жарық терапиясы – маусымдық депрессияға арналған тиімді терапияның бірінші бағыты.
«Маусымдық аффективті бұзылулардың өзіндік ерекшелігі депрессия жылдың белгілі бір уақытында, мысалы, күзде және қыста пайда болуы мүмкін. Ол түнгі ұйқының ұзақтығы, күндізгі ұйқышылдық, көмірсуларға артықшылық беру, тәбет пен дене салмағының жоғарылауы, сондай-ақ кешке әл-ауқаттың нашарлауы сияқты атипті депрессиялық белгілермен бірге жүреді. Маусымдық немесе «күзгі-қысқы депрессияның» пайда болуында жарқын жарықтың жетіспеушілігі маңызды рөл атқарады деп саналады», – деді Томск ғылыми-зерттеу орталығының психикалық денсаулық ғылыми-зерттеу институтының директоры, Ресей Ғылым академиясының академигі Николай Бохан.