Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркиядағы қонақүйлер жаппай сатылып жатыр

Түркиядағы қонақүйлер жаппай сатылып жатыр

Әлемді жайлаған пандемияның салдарынан туындаған қаржылай қиындықтарға байланысты Түркияда көптеген қонақүй иесі өз кәсібін сатуға бел буған, деп хабарлайды Egemen.kz
Түркиядағы танымал сату сайтының (Sahibinden.co) мәліметінше, соңғы айда Антальяда 234 қонақүй сатылымға шығарылған: Мұратпашада – 56, Аланьяда – 42, Кемерде – 39, Манавгатта – 33. Сондай-ақ Кашта – 21, Коньяалтыда – 16, Серикте – 13, Кумлуджеде – сегіз, Кепезде – үш және Финикете, Газипашеде және Демреде бір туристік аймақтан сатылымға шығарылған. 
Сатуға қойылған ең қымбат нысанның құны 585 миллион түрік лирасына (шамамен 35 миллиард теңге) бағаланған. Конаклы ауданында орналасқан бес жұлдызды қонақ үйде 330 бөлме бар, бір уақытта мыңға жуық қонақ тұра алады.
Ең арзан нысан 5 миллион 200 мың түрік лирасы (шамамен 319 миллион теңге) сомасына бағаланды.
Аланья туристік операторлар қауымдастығының (ALTID) және Аланьяны дамыту және туризм қорының (ALTAV) вице-президенті Мехмет Дахаоглудың айтуынша, қонақүйлер бұрындары да сатылған, бірақ мұнша көлемде емес.
– Жерорта теңізі аймағында көптеген туристік нысандардың сатылуының басты себептерінің бірі пандемиядан туындаған экономикалық құлдырау болды. Ақша табатын, жұмыспен қамтамасыз ететін және ел үшін табыс болатын кәсіпті кім сатқысы келеді? – деді Мехмет Дахаоглу.
Еске салайық, 2020 жылы пандемияға байланысты туристік ағын 80 пайызға төмендеген кезде түрік қонақүйлері қаржылық қиындықтарға тап болды. Түркия қонақүй федерациясының (TUROFED) бағалауынша, 2021 жылы Түркияда демалуға 25-тен 30 миллионға дейін халықаралық туристер келуі мүмкін. Ал 2019 жылы Түркияға 50 миллионға жуық саяхатшы барған. 
18 ақпан 2021 ж. 338 0