Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » COVID-19: Планетадағы жағдай тұрақсыз

COVID-19: Планетадағы жағдай тұрақсыз

Бір жылдан астам уақыт бұрын әлемді әуреге салған пандемияның шеті көрінер емес. Қайтыс болғандар саны 3 млн-нан асты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індет жұқтырғандар қатары соңғы екі айда екі есе өсуіне алаңдап отырғанын жеткізді.
Әлемнің әр бұрышынан жағдайдың ушығып жатқаны туралы хабарлар келіп жетуде. Мәселен, Үндістан пандемияның екінші толқынына тап болды. Сенбі күні жаңадан 230 мың адамның індет жұқтырғаны айтылды. Ал пандемия басталғалы бері 140 млн жағдай тіркелген.

ДДҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейсус өткен жұмадағы баспасөз конференциясында індет жұқтырғандар мен қайтыс болып жатқан науқастар санының артуы алаңдатарлық жайт деп атап өтіп, соңғы екі айда әлемде вирус жұқтырғандардың саны екі есе ұлғайғанын хабарлады. Johns Hopkins университетінің мәліметі бойынша АҚШ, Үндістан және Бразилия инфекция ең көп тараған елдер қатарында. Осы үш елде індеттен көз жұмғандардың саны бір миллионнан асқан. Дегенмен ресми статистика кейбір елдердегі шынайы жағдайды көрсетпеуі де мүмкін.

Індет өршіген аймақтардың қатарында Үндістаннан бөлек, Бразилия, Канада, Папуа-Жаңа Гвинея да бар. Бразилия билігі індетке қарсы әрекеттері үшін пандемия басталған кезден бастап сынға ұшырап келеді. Жергілікті халық денсаулық сақтау өкілдері жағдайды дұрыс игермеді деп есептейді. Дәл осы себеппен ірі наразылық акция­лары да өтті. Елде соңғы 24 сағатта 85 мыңнан астам адам індет жұқтырып, 3 мыңнан астамы қайтыс болған. Пандемия салдарынан халық табыс көзінен айырылып, азық-түлік алуға мүмкіндігі болмай отыр. Дүниежүзілік зерттеулер отбасылар аш отырғанын көрсеткен. Күнделікті тамақ тарататын орындарда кезек таңнан, қара кешке дейін жалғасатын көрінеді. Бұл да эпидемиялық ахуалды қиындатып тұр.

Канада пандемия басталғаннан бері алғаш рет соңғы аптада вирус жұқтырғандардың бір миллионға шаққандағы көрсеткіші АҚШ-пен салыстырғанда әлдеқайда көп екенін айтады.

ДДҰ басшысы айтқандай, осыған дейін пандемияны оңай еңсеріп, қиын жағдайға тап болмаған елдердегі ахуал енді өзгеру үстінде. Ол Папуа-Жаңа Гвинеяны бақылауды қажет ететін аймақтардың біріне жатқызды. Тедрос Адханом Гебрейсус Тынық мұхиты еліндегі қазіргі күрделі жағдайды сараптай келе, ол бұдан да үлкен эпидемияға ұласуы ғажап емес деген қорытындыға келді. Аустралия мен Covax схемасы арқылы 140 мың доза вакцинаға қол жеткізген осы елдің мысалында вакциналаудың қаншалықты маңызды екеніне көз жеткізуге болатынын баса айтты.

Тедрос БҰҰ Денсаулық сақтау агенттігі коронавирус дағдарысының эволюциясын бағалап, тиісті ұсыныстарды жасауды жалғастыратынын жеткізді. Халықаралық денсаулық сақтау ережелеріне сәйкес, ДДҰ Төтенше жағдайлар комитеті бейсенбіде шақырылып, дүйсенбіде маңызды ұсыныстарын жариялауға тиіс. Доктор Тедрос ұйымның барлық елдер мен халықтарға айтар жолдауы өзгеріссіз қалатынын айтты. «Бұл пандемияны тоқтату үшін барлығымыз атсалысуымыз қажет», деді ол. Оның бұл сөзі тұрғындардың көпшілігі вакцина алмай, індет жойылмайды дегенге саяды.

Жоғарыда айтылған Covax жоспары вакцинаны барлық ел арасында әділетті бөлуді көздейді. Себебі әлемде таласқа түсіп жатқан вакцинаны сатып алуға не өндіруге мүмкіндігі жоқ кедей елдер көп. Аталған жоспар бойынша наурыз айының соңына дейін 100 миллионға жуық вакцина жеткізілуге тиіс еді, алайда бүгінге дейін тек 38 миллион доза таратылған.

ДДҰ басшысы бұл бастама алдағы айларда өз мақсатын орындай алатынына үмітті екенін айтты. Ол бай және кедей елдердің арасындағы вакцинаның тең таратылмауын үлкен мәселе деп атап өтті. Денсаулық сақтау агенттігі, сонымен қатар саяси немесе коммерциялық себептермен COVAX жоспарынан тыс вакциналар бойынша келісімге келген елдерді сынға алды.

egemen.kz
20 сәуір 2021 ж. 370 0