Түркияда пандемияға байланысты толық локдаун жарияланды
Түркияда эпидемиологиялық ахуал нашарлауына байланысты 29 сәуір мен 17 мамыр аралығында толық локдаун болады. Бұл туралы дүйсенбі, 26 сәуірде ел президенті Режеп Тайып Ердоған мәлімдеді, - деп хабарлайды Anadolu.
"Біз 29 сәуір, бейсенбі сағат 19:00-ден 17 мамыр, дүйсенбі сағат 5:00-ге дейін толық локдаунға көшеміз", – деді Ердоған халыққа телеүндеуінде.
Ол жаңа эпидемиологиялық шараларға сәйкес қалааралық сапарлар тек рұқсат қағазымен жүзеге асырылатынын, ал қалааралық жолаушылар көлігі тек 50 пайыз сыйымдылықпен жұмыс істейтінін айтты.
Ішкі істер министрлігінің директивасына бағынбайтын ұйымдарды қоспағанда, барлық кәсіпкерлік субъект қызметін тоқтатады.
Президенттің айтуынша, барлық мектепте күндізгі оқыту тоқтатылады, ал емтихандар кейінге қалады.
Сонымен қатар, сауда желілері жексенбіде жабылады, ал қалған күндері тек белгілі бір сағаттарда жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы жағдайды тезірек бақылауға алу үшін тұрғындарды белгіленген ережелерді қатаң сақтауға шақырды.
"Рамазаннан кейін қалыпты өмірге оралу үшін біз жаңа жағдайлар санын күніне бес мыңнан азайтуымыз керек. Әйтпесе, туризмнен бастап сауда мен білімге дейінгі барлық салада әсері болады", - деп ескертті Ердоған.
Джон Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, Түркия COVID-19 жұқтырғандар саны бойынша дүние жүзінде алтыншы орында тұр. Пандемия басталғаннан бері елде вирус жұқтырудың 4 667 281 жағдайы тіркелген, оның 4 121 671-і аурудан жазылса, 38 711 адам қайтыс болған.
"Тәулігіне 60 мың адам жұқтырған". Қазақ студенті Түркиядағы жағдайды айтты
kaz.tengritravel.kz