Тәулігіне 2000 адам көз жұмып жатыр: Үндістандағы ахуал ауыр
Үндістанда тәулігіне 2 мыңнан астам адам коронавирустан көз жұмуда, деп хабарлайды Еgemen.kz ВВС.com сайтына сілтеме жасап.
Бірінші толқында тәулігіне орташа алғанда 93 мың тұрғын коронавирус жұқтырған. 17 сәуірден бастап күнделікті статистика 200 мың адамға дейін көтеріліп, соңғы аптада күніне 350 мың адамға жетіп отыр. Өлім саны да бірінші толқынмен салыстырғанда екі есеге артты. Үндістанда коронавирустан соңғы аптада тәулігіне орташа 2 336 адам қайтыс болды.
Елдегі ең ауыр жағдай Делиде, мұнда ауруханаларда ӨЖЖА орнатылған орындар қалмаған. Басқа ірі қалаларда да жағдай осындай. Ресми статистика бойынша, пандемия басталғалы елде 17 млн адам коронавирус жұқтырып, 192 мың адам қайтыс болған. Халық санының көптігі және ұдайы жылжып отыруы Covid-19-ға тестілеу өткізуге және нақты өлім саны бойынша есеп жүргізуге кедергі келтіреді. Сол себепті Үндістандағы дағдарыстың шынайы масштабын бағалау қиынға соғып отыр.
BBC тілшісінің айтуынша, елдегі масштабты вакциналау бағдарламасы үлкен қиындықтарға тап болуда. Бұл бағдарлама 16 қаңтар күні басталған, шілдеге дейін 250 млн адамды вакциналауды көздеп отыр. Қазіргі кезде вакцинаның бірінші дозасын 118 млн адам ғана алған, бұл – халықтың 9%-ы.
Жұқтыру рекорды Үндістан шекарасын асуы мүмкін, сол себепті көп елдер бұл елмен әуе қатынасын тоқтатты. Британия, Бразилия және Оңтүстік Африкада пайда болған коронавирустың жаңа түрі өзге елдерде үлкен проблемалар тудырды. Физика және биология профессоры, жұқпалы ауруларды модельдеу саласындағы сарапшы Менон Үндістанда вирустың жаңа түрі пайда болуы мүмкін екендігін ескертті. Дүниежүзілік қауымдастық Үндістанға дағдарысты жеңуге көмек көрсетуде. Ұлыбритания елге ӨЖЖА және коюланған оттек қорларын жіберді, АҚШ Үндістанға AstraZeneca вакцинасын көп мөлшерде өндіруге мүмкіндік беру үшін бастапқы материалдар экспортына тыйымды уақытша алып тастады. Көптеген елдер білікті қызметкерлер мен жеке қауіпсіздік құралдарын ұсынуда.
egemen.kz