Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемде вакциналау қалай жүріп жатыр?

Әлемде вакциналау қалай жүріп жатыр?

Қыркүйектің аяғына дейін қайта вакциналауға мораторий енгізу керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, кедей елдерде коронавирусқа қарсы екпе жетіспейді.
Алайда кейбір мемлекетте препараттың үшінші бустерлік дозасын салу науқаны жүріп жатыр. Мәселен, қазір мұндай мүмкіндік жасы 60-тан асқан Израиль тұрғындарында бар. Жуырда ел президенті де екпенің үшінші дозасын қабылдады. Ресейде де қайта вакциналау жүріп жатыр. Соңғы уақытта міндетті вакциналау мәселесі жиі қозғала бастады. Ресейде кейбір маман иелері екпе салдыруы тиіс. Италияда медицина қызметкерлерімен қатар енді студенттер мен білім беру саласының өкілдері де міндеттеледі. Ал Францияда тамыздың 9-ынан бастап вакциналау төлқұжатынсыз қоғамдық орындарға, тіпті аурухана кіруге болмайды. Биліктің шешіміне қарсы шыққандар аз емес. Алайда Жоғарғы сот мұның заңды екенін растады. Өзбекстанда да президент екпе салдырмағандарды жұмыстан шеттетуге рұқсат беретін заңға қол қойды.
Бүгінде әлемнің ондаған мемлекетінде балаларды вакциналау жұмыстары жүріп жатыр. Италияда енді екпе салдыру үшін ата-ананың рұқсаты қажет емес. Қытайда тек жасөспірімдер ғана емес, шұғыл жағдайда жасы 3-тен асқан бүлдіршіндерге де вакцина салдыруға рұқсат етілген. Жуырда Біріккен Араб Әмірліктерінің құзырлы органдары да тиісті шешім қабылдады.

"Толқын" ақпарат
09 тамыз 2021 ж. 450 0