Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Басқа басылымдарға шолу

Басқа басылымдарға шолу

Ауған қыздары мектепке бармайды
Ауғанстан сыртқы істер министрінің мін­детін атқарушы жақсы қарым-қатынас орнатуға ниетін білдіргенімен, Ауғанстан қыздарына мектепке оралуға рұқсат беру туралы халықаралық талаптардың қатаң міндеттемелерін қабылдаудан бас тартты.
Батыс қолдаған бұрынғы үкімет құлағаннан екі ай өткен соң, жаңа Талибан әкімшілігі экономикалық дағдарыстың алдын алуға көмектесу үшін басқа елдермен қарым-қатынас орнатуға мәжбүр болып отыр.
Дүйсенбіде Дохада Қақтығыстар мен гуманитар­лық зерттеулер орталығы ұйымдастырған іс-шарада сырт­қы істер министрінің міндетін атқару­шы Мул­ла Әмір Хан Муттаки «Халықаралық қоғамдас­тық бізбен ынтымақтасуды бастауы керек. Осының нәтижесінде біз қауіпсіздікке қол жеткізіп, сонымен бірге әлеммен оң қарым-қатынас жасай аламыз», деді.
Десе де Талибан әлі күнге дейін қыздарға орта мектепке оралуға рұқсат беруден бас тартып отыр. Өткен айда алтыншы сыныптан жоғары сыныптар тек ұлдарға ғана ашылады деген шешім қабылданған-ды. Содан кейін халықаралық қоғамдастық қыздардың оқуға оралуын басты талаптарының бірі ретінде көрсеткен.
Муттаки Талибан Ислам Әмірлігінің үкіметі абайлап әрекет ететінін айтты. «Бірақ біздің билікке бірнеше апта бұрын келгенімізді ескеру керек. Халықаралық қоғамдастық 20 жыл ішінде жүзеге асыра алмаған реформаларды біз аяқтайды деп күтуге болмайды», деді ол.
«Олардың қаржылық ресурстары көп болды және олар халықаралық қолдауға ие еді. Бірақ соның өзінде бізден екі айдың ішінде барлық саланы ре­фор­малауды сұрайсыз ба?» деген уәжін де білдірді.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Талибан әйелдер мен қыздардың құқықтарына кепілдік беру туралы уәделерді бұзды және егер әйелдерге жұмыс істеуге тыйым салынса, экономиканы түзету мүмкін болмайды деп мәлімдеді. 
 
Макрон Париж полициясының қаталдығын мойындады
 
Франция президенті Эммануэль Макрон 1961 жылы Парижде өткен алжирліктердің нара­зы­лығын полицияның қатал түрде басуын «кешіріл­мейтін» қылмыс деп айыптады, дегенмен көпшілік күткендей ресми кешірім сұрамады.
Жексенбіде Париж полициясы ондаған адамды өлтіріп, ондаған адам жарақаттанған, билік жасырып келген қайғылы оқиғаға 60 жыл толады.
Зардап шеккендердің нақты саны белгісіз, дегенмен кейбіреулер жүздеген азаматтың өмірі қиылған болуы мүмкін деген болжам айтады.
«Қуғын-сүргін аяусыз болды. 12 000-ға жуық алжирлік қамауға алынды... Көптеген жаралыдан бөлек ондаған адам қаза тапты, олардың денелері Сена өзеніне лақтырылды», делінген Елисей сарайының мәлімдемесінде.
Макрон – бұл оқиғаны мойындаған Францияның екінші президенті, бірақ оның бұл мойындауы көпшілік алдында емес, мәлімдеме ретінде жария­ланды. Ол сондай-ақ ресми кешірім сұраған жоқ.
Тарихқа сүйенсек, 1961 жылы алжирліктер үшін енгізілген коменданттық сағатқа қарсы наразылық акциясына 25 000-нан астам адам қатысты. Оны Алжир ұлттық азаттық майданының Француз қанаты ұйымдастырды.
Қаза тапқандардың денелері табылған Сена жағалауында Франция президенттерінің арасында алғаш рет Макрон қайғылы оқиғаны еске алды.
Ол Париж полициясының бастығы Морис Папонның басшылығымен «сол түні жасалған қылмыстар кешірілмейді» деп мәлімдеді. Франция президенті қайғылы оқиғада зардап шеккен отбасылар құрметіне бір минуттық үнсіздік жариялады.
Алжирліктер президенттен ресми кешірім күтетінін, бұл мойындау тек қағаз жүзінде қалмауы керегін айтты.
18 қазан 2021 ж. 443 0