Еуропада газ бағасы қымбаттады
Бүгін «Газпром» ресейлік компаниясы Польша мен Болгарияға энергоресурстарын жеткізуді тоқтатқаннан кейін Еуропада газ бағасы қымбаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.Ресейлік оператор Еуроодақтың аталған елдерінен рубльмен төлем алмағанын мәлім етті. Еуропада газдың фьючерстік келісімшарттары 20% өсті.
Осыған сәйкес Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен арнайы мәлімдеме жасады:
«Біз мұндай сценарийге дайынбыз және Еуроодақтың барлық мүше елдерімен тығыз байланыстамыз. Біз балама жеткізілімдерді қамтамасыз ету және ЕО-да газды сақтау жұмыстарымен айналысып жатырмыз».
Еуропалық комиссия төрағасы Еуропада энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін балама көздер қаралып жатқанын мәлім етті. «Дәл қазір газ бойынша үйлестіру тобының отырысы өтіп жатыр.
Біз ЕО-ның үйлескен жауабын дайындаудамыз. Сондай-ақ, балама ағындарды қамтамасыз ету және Еуропада энергиямен жабдықтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша халықаралық әріптестермен жұмыс істеуді жалғастырамыз», - деді У. Ляйен.