Аустралияда аспандағы қызғылт жарқыл тұрғындардың үрейін ұшырды
Аустарлиядағы Мильдюра қаласында аспан қызғылт түске боялған. Жергілікті тұрғын Тэмми Шумовски ерекше құбылыстың суретін әлеуметік желіде жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
аспан
Мильдюра – Виктория штатының орталығы, Мельбурн мен Аделаида қалаларының ортасында орналасқан. Шалғайда орналасқан бұл қалада айтарлықтай оқиғалар болмайды екен. Дегенмен аспанда қызғылт жарқылдың пайда болуы тұрғындардың таңданысын тудырды.
Мұны көрген тұрғындар әр түрлі болжам айтқан. Бірі астероид жақындады десе, енді бірі мұны қызыл Ай деді. Ал үшіншілері апокалипсис басталғанын мәлімдеген.
Кейін жарықтың дәрілік марихуана өсіретін кәсіпорыннан шыққаны анықталған. Мұнда шөптің өсуін жылдамдататын қызғылт шамдар орналасқан екен. Алайда жарық сыртқа шықпауы үшін арнайы пердемен жабылған. Тек сол күні бұл перделер істен шыққаны белгілі болды.
"Әдетте қараңғылататын перделер күн батқан соң автоматты түрде жабылып қалатын. Алайда бұл күні шамдар іске қосылғанымен, перде жабылмаған. Сондықтан аспан қызыл түске боялды", – деп түсіндірді кәсіпорынға иелік ететін Cann Group Ltd компаниясының директоры Питер Крок.
Ал аспан бұлтты болғандықтан, жарық "аспаннан астероид" түсіп келе жатқандай әсер қалдырған. Дәрілік каннабис Аустралияда 2016 жылы заңдастырылған. Дегенмен оны рекреациялық мақсатта қолдануға болмайды. Бұл кезден бері Аустарлияда реттеуші органдар каннабис қосылған 260 мыңнан аса рецептті мақұлдаған.
Қазір Аустралияда марихуана сақтау және тарату заңсыз болып есептеледі. 2018-2019 жылдары 71 мыңнан аса адам каннабиспен байланысты қылмыс үшін жауапқа тартылған.