Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Конституциясы көне және аз өзгеріске ұшыраған елдер

Конституциясы көне және аз өзгеріске ұшыраған елдер

Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда Жоғарғы Кеңестің XІІ шақырылымының ІX сессиясында қабылданды. 4 бөлім, 21 тарау, 131 баптан құралған Негізгі заң Тәуелсіздік құндылықтарын қалыптастыруға мүмкіндік беріп, еліміздің демократиялық, парламенттік республика екенін айшықтады. Қазіргі қолданыстағы ел Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда рәсімделді. Демократиялық жолмен референдум арқылы қабылданған жаңа заң Қазақстанды Президенттік республика етіп жариялады. Ал биылғы жылы аталмыш заңға референдум арқылы өзгерістер енгізілді. Енді тақырыпқа ойыссақ.
Ең шағын мемлекеттердің бірі саналатын Сан-Мари­но­ның конституциясы – әлем­дегі қағазға түскен көне конс­ти­туциялардың қатарында. Ол екі нормативтік актіге бөлінеді: алты кітаптан тұратын Сан-Марино республикасының заңдық статуты (ережесі) және 16 баптан тұратын Сан-Ма­риноның мемлекеттік құ­ры­лымының негізгі прин­циптері мен азаматтық құқығының Декларациясы.
Заңдық статутты Бас кеңес 1600 жылдың 8 қаза­нында қа­­былдады. Статут респуб­ли­ка­ның негізгі нышандарын ко­ди­фикациялайды. Құжаттың төл­­нұсқасы Риминиде, ал тел­нұсқасы 1634 жылы Форлиде басылып шықты.
Конституциялық рефор­ма­ның нәтижесінде, Арен­го­ның (әулет басшылары ассам­блеясының) шешімімен 1906 жылы 26 наурызда сәл-пәл өзгертулер енгізілді. Ол өзгерту Бас кеңестің мүшелерін жалпы­халықтық сайлауға қа­тысты болатын. Осылайша, заң шығарушы билік Бас ке­ңестің құзырына өтті. Алайда, Аренго Республиканың Ста­тутын өзгерту мен петиция құқығын өзінде сақтап қалды. Олар әлі күнге дейін күшін жой­ған емес.
АҚШ Конституциясын 1787 жылы 17 қыркүйекте Филадельфияда Конституциялық Конвент қабылдап, кейінірек сол кездегі он үш штат тегістей ратификациялаған. АҚШ-тың Жеті баптан тұратын ата заңы әлемдегі төрт аяғын тең бас­қан алғашқы конституциялардың қатарына кіреді. Қабылданғалы бері оған бас-аяғы 27 өзгерту мен толықтырулар енгізілді. Оның он­шақтысы «Құқықтар туралы билль» топтамасына жатады. Азаматтардың жеке құқықтарын ке­ңейтетін, сәйкесінше мемлекеттік органдардың құзіреттерін шектейтін осынау алғашқы он өзгертуді 1789 жылы АҚШ-тың төртінші президенті Джеймс Мэдисон ұсынды. Әрине, бұған Томас Джеферсон сияқты Конституциялық Конвентке кірмеген дербес саясаткерлер мен публицистердің адамның негізгі құқықтарына қатысты белсенді бастамасы түрткі болып еді. «Құқықтар туралы билль» ратификацияланғаннан бері Конгреске он мыңға жуық өзгертулердің жобасы келіп түсті. Алайда, олардың басым бөлігі Конгресс комитетінің елегінен өтпей қалды. Бірқатарын Конгресс өзі қайтарды. Ал толықтай ратификацияланған өзгертулердің қай-қайсысы да мемлекеттің дамуы мен заманның қажеттілігімен ақ­та­лады.
Жапония Конституциясын «пацифистік» деп те атайды. Жапонияның қазіргі қолда­ныс­тағы Конституциясы 1947 жылы 3 мамырда күшіне енді әрі сол кезден бері бірде-бір өзгертуге ұшы­ра­ған жоқ. Заңнамалық актінің бұзылмастай біртұтастығының сы­ры 96-бапта жатыр. Ол бойынша Конституцияға қандай да бір түзету жасау үшін қос палатаның кем дегенде үштен екісінің келісімі керек. Мақұлданған өзгертулер онымен қоймай айрықша референдумға салынады немесе жаңа сайлау өт­кеннен кейін парламенттің қарарына жіберіледі.Бір айта кетерлігі, 1889 жылғы Мэйдзи Конституциясына қара­ғанда, бұл құжатта халықтың еге­мендік ұстанымдарын ашық түрде жариялайды (кіріспе,1-бап).
Сонау 1815 жылы қабылданып, конституциялық монархияны қалыптастыруға жол ашқан қазір­гі Конституция Нидерланд король­дігінің тек еуропалық бөлігі үшін негізгі заң ретінде мойындалады. Ал Аруба мен Нидерландтық Антиль аралдарының құқықтық мәртебесі айрықша хартиямен реттеледі. Билік басына король Виллем I келгеннен кейін жарияланған Конс­титуцияны алғашында Оңтүстік Нидерландтың (қазіргі Бельгия) біраз депутаттары хош көрмеген. Алайда, тек дін бостандығын шектеуге ғана қарсы болғандарды «қолдау білдірді» деп есепке алды. 1848 жылға дейін қарпі де қисаймаған конституциялық ереже корольге сенаторларды өмірбақилыққа таға­йындап, шектеусіз уәкілеттілік беруіне ерік берді. Дәл осы жылдан бастап Нидерландта парламенттік демократия салтанат құрып, министрлер Бас штаттың алдында жа­уапкершілік жүктейтін және Бірінші палатаға екі деңгейлі сайлау жүргізілетін болды. 1922 жылы жал­пыға бірдей сайлау құқығы енгізілді. 1948 жылы мемлекеттік хатшылар институты пайда болды. Конституциядағы күрделі әрі әзірге соңғы өзгерістер тек 1983 жылы жасалды. Ол бойынша әлеуметтік құқық ережелері толықтырылып, өлім жазасына, дискриминацияға тыйым салынды, сөз бостандығы мен бейбіт шеруге, сондай-ақ жеке басқа қол сұғылмаушылық туралы жалпылай түсініктер берілді.

 Дайындаған Н. БАҚЫРАН
30 тамыз 2022 ж. 695 0