Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ортақ құндылығымыз

Ортақ құндылығымыз

Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясын өкілді орган – Жоғарғы Кеңес 1993 жылы 28 қаңтарда қабылдаған. 33 мыңға жуық ұжымдық талқылау өткізіп, 1100-ден астам түзетулер мен толықтырулар енгізіп, жаңа Конституциямыз 1995 жылы 30 тамызда бекітілген. Нәтижесінде 1993 жылғы үлгіден Парламентті Сенат пен Мәжіліс атты екі палатаға бөлу, Жоғарғы Кеңестің таратылуы, Парламенттің заңнамалық функциясын Президент, Үкімет, Парламент атты үш институтқа бөлу сынды ауқымды сәттермен ерекшеленді. Ал 1995 жылы бүкілхалықтық референдуммен қабылданған 95 баптан тұратын Қазақстан Конституциясына Парламент арқылы барлығы 5 рет (1998, 2007, 2011, 2017, 2019 жылдары) өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын.
Бұл жолы да «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша Заң жобасын Парламент қарайды» делінген еді. Бірақ Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының  «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты 31-сессиясында жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынды. Ел жаңа Қазақстанды құруға көшті. Тұтас саяси жүйе жаңғыру жолында. Мықты Парламент, мажаритарлық сайлау, Президент туыстарын билікке жақындатпау секілді бастамалар іске асып жатыр. Конституцияның 33-бабына, яғни Ата заңның үштен біріне түзету дайындалды. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясына қатысқан Президент оны қабылдау үшін жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: "Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Өйткені қолданыстағы заңнамада тәртіп солай. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын" деді. Нәтижесінде биыл 5 маусымда 27 жылдан соң үшінші рет референдум өткізілетін болды.
Референдумға барлық қазақстандық қатысады. Бұл референдум жауапкершілікті ғана емес, көпұлтты еліміздің бірлігін де арттыра түсері сөзсіз. Осы тұста Мемлекет басшысы үш бағытты айқындап берді. Олар: саяси реформаларды жүзеге асыруда ассамблеяның рөлін арттыру және ақпараттық жұмыстар мен құқық қорғау қызметін күшейту. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстан ұғымын бұрмалауға болмайтынын ескерте келе, тіл мәселесіне келгенде де аса сақ болу керектігін атап айтты. Сондай-ақ Президент ел азаматтарын қашанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизмді басшылыққа алуға шақырды. Сол үшін Президент: «өзіміз, өзгелер» деп жік-жікке бөлінуді түбірімен жою керек» деді. Бірлікте болып, жаңа Қазақстанды құру жолында ортақ құндылығымызды дәріптей білсек, жарқын болашаққа жететінімізге айрықша тоқталды.
Гүлшат ЖАЛҒАСБАЕВА,
"Жазира"балабақшасының меңгерушісі
13 мамыр 2022 ж. 470 0