Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қытайда қазақстандық түйе сүтіне сұраныс артып келеді - Шетелдегі қазақша баспасөзге шолу

Қытайда қазақстандық түйе сүтіне сұраныс артып келеді - Шетелдегі қазақша баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.Анкара қаласында қазақтың дәстүрлі қолөнерінің таңдаулы үлгілерінен құралған көрме ашылды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, Түркияның Анкара қаласында «Көк ту» қазақ мәдениеті қоғамы және Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы ТҮРКСОЙ-дың ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен «Бабалар мұрасы» атты шығармашылық көрме ашылды.
TRT-ның келтірген дерегіне сүйенсек, Аднан Өтүкен атындағы қалалық кітапхананың залында өткен көрмеде Қазақстан Республикасының көркем еңбек пәні ұстаздары мен кәсіби суретшілері Кодеков Қанағат, Кулжабаев Есенкелді, Бостан Айбек, Естеусіз Тоғжан, Ақылбай Айгерім және Қалиева Томиристің еңбектері таныстырылған.
Айта кетейік, қазақ қолөнер және бейнелеу өнері майталмандарының туындыларын тамашалауға Түркиядағы қандастар, қазақстандық студенттер, түрік зиялы қауым өкілдері мен Анкара тұрғындары келді.
Жақында Шығыс Қытай педагогика университетінің Қазақстан зерттеу орталығы ресми түрде құрылды. Шығыс Қытай педагогика университеті ректорының орынбасары Гу Хунлян мен Қазақстан Республикасының Шанхайдағы бас консулы Рахымжан Рахимов орталықтың ашылу рәсімін жасады.
Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық газеті» ақпарат порталы хабарлады.
Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Рахымжан Рахимов көпшілікті Қазақстан зерттеу орталығының құрылуымен құттықтаған. Сондай-ақ бас консул Орталық Қытай мен Қазақстан арасындағы білім алмасудың маңызды платформасына айналатынына сенім білдірді.
«Халық газеті» порталының хабарлауынша, Гу Хунлян Орталықтың құрылуы алдағы уақытта екі ел арасына дәнекер болып, Шығыс Қытай педагогикалық университеті мен қазақстандық университеттер арасындағы ғылыми зерттеулер мен жас ғалымдарды даярлау саласындағы тығыз алмасулар мен ынтымақтастыққа ықпал ететінін атап өткен.
Өзбекстандық нормативтік-құқықтық құжаттар жобаларын талқылау порталында «Өзбекстан Республикасының азаматтығы туралы» ӨР Заңына толықтыру енгізу туралы» заңы жарияланды.
Бұл заң ірі көлемде тікелей инвестиция салған шетелдік инвесторларға Өзбекстан азаматтығын беруді қарастырады.
Бұл туралы осы аптада өзбекстандық «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.
Заң жобасына сәйкес, Өзбекстан азаматтығын қабылдаудың оңайлатылған тәртібі Өзбекстанда жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларға кемінде 1 миллион АҚШ доллары баламасын инвестициялаған шет мемлекеттің азаматы немесе азаматтығы жоқ тұлға болып табылатын жеке тұлғаға немесе белгілі ғалым, спортшы, мәдениет және өнер қайраткеріне қолданылады.
«Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» МУК немесе Мемлекеттік қызмет көрсету орталығы берген шетел мемлекетінің азаматы немесе азаматтығы жоқ тұлға Өзбекстан Республикасында жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларға кемінде 1 миллион АҚШ долларын инвестициялағанын растайтын анықтама береді» деп жазады «ӨзА».
Қытайда қазақстандық түйе сүтіне сұраныс артып келеді - Халық газеті
Қытайдың V халықаралық импорт көрмесіндегі Қазақстан стендінде сусындардың, сүт өнімдерінің, балдың және дәмдеуіштердің алуан түрі көрген жұртты таң қалдырады. Соның ішінде түйе сүті ұнтағы көзге ерекше көрінді, деп хабарлайдың Қытайдың «Халық газеті» ақпарат порталы.
«Қазақстандық сүт компаниялары үшін Қытай нарығы бизнеске үлкен мүмкіндіктер ашады»,-деді стендке жауапты Әлібек Смайылов қытайлық журналистерге берген сұхбатында.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, түйе сүті ұнтағының тағамдық құндылығын бағалайтын қытайлық тұтынушылардың саны артып келеді, нарық көлемі де барған сайын кеңеюде. Қазіргі уақытта олар көптеген клиенттермен сатып алу туралы келісімдерге қол жеткізді.
Қазақстандық стендке жауапты қызметкер Қазақстанда жоғары сапалы түйе сүті өндірілетінін айтқан. Сондай-ақ Қазақстандағы түйе сүті ұнтағын өндіретін компанияның басшысы өздерінің 20 стандартталған сүт станциясы мен толық автоматты өндірісі бар индустриалды парк құрғанын, Қытай нарығы өздері үшін өте кең алаң екендігін тілге тиек еткен.
Қытайлық басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, қазақстандық кәсіпкер Қ.Мейрамбеков негізін қалаған «QAZBOTA» түйе сүті ұнтағы бренді 2018 жылы Қытайдың I халықаралық импорт көрмесіне қатысқаннан бері оның танымалдығы артып келеді.
«QAZBOTA» Қытай импорт көрмесі платформасының арқасында Қытайда ынтымақтастық агенттерін тапқан. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында компания Қытайда бірнеше ірі электрондық коммерция платформаларында флагмандық дүкендер ашты және ай сайынғы сатылымдары тұрақты түрде өскен.
Әлібек Смайыловтың айтуынша, Қазақстандағы компаниялардың бірқатар басшылары жыл сайын көрмеде көптеген жаңа клиенттермен келісімшартқа қол қояды. Яғни, көрме әлемдік компаниялар үшін көбірек мүмкіндіктер туғызады.
Астана мен Алматыда Қазақстан-Иран экономикалық форумы өтті -Parstoday
Астана мен Алматыда инженерлік-техникалық қызметтерді экспорттау саласындағы 15-тен аса ирандық компания өкілдері мен маңызды қазақстандық компаниялар және мемлекеттік қайраткерлердің қатысуымен Қазақстан-Иран экономикалық форумы өтті.
Бұл туралы осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігі хабарлады.
Бұл форумда алдымен ИИР-ның Алматыдағы бас консулы Мохсен Фоғани Теһранда Иран мен Қазақстаның экономикалық ынтымақтастығы ортақ комиссиясының 17-ші отырысы өткенін және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Теһранға сапары туралы айтқан. Сонымен қатар, Иран азаматтарына Қазақстанға бару үшін 14 күнге визасыз режим орнағанына тоқталып, мұны екіжақты қарым-қатынастағы бетбұрын нүктесі деп атаған.
Аталған отырыста Алматы облысының Өңірлік даму орталығының директоры Шыңғыс Мақашев осы облыстың түрлі салалардағы әлеуеттерін баяндап, сауда-экономикалық белсендіктердің басты бағыттары ретінде туризм, құрылыс, фармацевтика, транзит, ауыл шаруашылығы, қайта қалпына келетін қуат көздері және азық-түлік өндірісін атады.
Ирандық делегация Алматымен қоса, Астанаға сапар шегіп, Астана халықаралық қаржы орталығында өткен Қазақстан-Иран экономикалық форумына қатысты.
inform.kz
13 қараша 2022 ж. 1 210 0